Самарқанд саммитінің маңызы қандай

Биыл Шанхай ынтымақтастығы ұйымына – 21 жыл. Бастапқыда 6 мемлекеттен құрылған бірлестік қазір Пәкістан мен Үндістан арқылы сегіздікке айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кезекте Иран мен Беларусь бар. Әлемдегі геосаяси жағдай ушыққан сәтте ұйым жұмысы қаншалықты тиімді? Тараптардың мақсат-мүддесі қандай? Осы күні Өзбекстанға әлем назары ауып тұр. Бас-аяғы 14 мемлекеттің басшысы Самарқанда бас қосады. Қытай көшбасшысы елордадан кейін бағытын осы аймаққа бұрды. Си Цзиньпиннің сапары Өзбекстан ғана емес, Орталық Азия үшін де ерекше маңызға ие.

Ресми Ташкент, Бішкек және Бейжің арасында ұзақ жылдар бойы жаңа теміржол салу жобасы талқыланып келеді. Бастама көп ұзамай қолдау табуы мүмкін. Тараптар келісім берсе, техникалық негіздемесі әзірленеді. Ежелгі Жібек жолының бұл тармағы арқылы Өзбекстан мен Қырғызстанның транзиттік әлеуеті артады.

Бахромжон Сотиболдиев, Өзбекстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы:

Ұйымға мүше мемлекеттер арасында Самарқан декларациясы дайындалып жатыр. Соған сай тараптар экономикалық жобаларға басымдық береді. Үшінші елдерге қарсы әрекет етпеу, мемлекеттің ішкі ахуалына араласпау жөніндегі ұстанымдарын аңғартады.

Орталық Азия үшін Ауғанстанның мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Отырысқа тәліптер қатыспаса да, ауған халқының проблемасы көтеріледі. Еске салайық, 2016 жылы ұйым қатарына Пәкістан мен Үндістан қосылса, биыл Иран мен Беларусь әзірлік қылып жатыр. Алғашқысы құжаттарды ратификациялауға дайын.

Рахмотолла Нұрымбетов, ШЫҰ үйлестірушісі:

Құқықтық нормаға сай Иранмен меморандум жасалады. Ислам Республикасы белгілі бір шарттарды орындауы қажет. Содан кейін мүшелікке өтеді. Бұл мәселе түбегейлі шешімін тапты деу ерте.

Қазақстан да Шанхай ынтымақтастығы ұйымы шеңберіндегі байланысын жан-жақты нығайта бермек. Қытай және Ресеймен бірлескен экономикалық жобалар жүзеге асып жатыр. Иран арқылы Парсы шығанағындағы елдермен қарым-қатынас реттеліп келеді. Ауғанстанда тұрақтылық орнаса, Пәкістанға төте жол ашылады.

Рауан Мыңбаев, тілші:

Шанхай сегіздігіне мүше мемлекеттер арасында шешімін таппаған түйткілдер де бар. Саммит қарсаңында Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында болған қақтығыс осы сөзімізге дәлел. Бақылаушы әрі қатысушы мемлекеттер саналатын Әзербайжан мен Армения арасы тағы ушыға түсті. Никол Пашинянның сол себепті Самарқанға келмейтіні мәлім болды. Дегенмен жиынның күн тәртібі өзгермейді. Экономикалық жобалардың келешегі қызу талқыланады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов