Қ.Тоқаев Америкаға қандай мақсатпен барады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке жұмыс сапарымен барады. Мемлекет басшысы Біріккен ұлттар ұйымының 77-сессиясының жалпы дебатына қатысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы биылғы сессия қандай тақырыптарға арналмақ? Қазақ басшысы бұған дейін қандай бастамалар көтерді? Бұл жолы не айтуы мүмкін?

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– Елорда мен Нью Йорктің уақыт айырмашылығы 10 сағат екенін ескерсек, біздің жұртқа қайырлы күн! Ассалаумағалейкүм ағайын! Тіршілігі дамылдамайтын Нью Йорктен сөйлеп тұрмыз. Күні де, түні де қыз-қыз қайнаған бұл алып шаһарға қазір дүйім ел көз тігіп отыр. Осы аптада Біріккен Ұлттар Ұйымы бас ассамблеясының 77-сессиясы басталды. Менің ту сыртымда сол ұйымның штаб пәтері тұр. Жиырмасы күні бұл жерде әлем көшбасшыларының қатысуымен өтетін жалпы дебат апталығы басталады. Сондықтан ертеңнен мына маңда қозғалыс, жүріп-тұру сап тыйылады. Тек рұқсат қағазы барлар ғана өте алады. Қазір шаһар көшелерінде полицейлер көбейген. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге барлығы 50-ге тарта құрылымдық күш жұмылған.

20-сы басталатын жоғары деңгейдегі дебат апталығы қалай өтетіні белгісіз. Өйткені оның жұмысына екінші Елизаветаның қазасы әсер етуі мүмкін. 19-ы күні патшайымды жерлеу жоспарланған. Батыс елдерінің бірқатар басшысы Ұлыбританияға патшайымды ақтық сапарға шығарып салуға баруы кәдік. Сонымен сарапшылардың сөзінше, биылғы сессияның негізгі тақырыбы Украинадағы қақтығыс, климаттың өзгеруі, короновирспен күрес, әлемдік экономиканың құлдырауы, инфлияция, тауар тасымалының бұзылуы сынды өзекті мәселелерге арналмақ. Қазақ тарапын бастап келетін Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде ұйымның әйгілі мінберінен екінші рет сөз сөйлейді. Әмбебап ұйымның жұмысын қазақ басшысы беске біледі. Өйткені өзі кезінде осы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, ұйымның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры болды. Биыл қандай бастама көтеретіні бізге әзірге беймәлім. Белгілісі 2020 жылы 75-сессияның жалпысаяси дебатында Президент Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құруды ұсынды. Ал, былтырғы 76-сессияда «Қазақстан ядролық қаруы бар мемлекеттерді Біріккен Ұлттар Ұйымының 100 жылдығы қарсаңында, яғни 2045 жылға дейін ядролық қарудан толық бас тартуға үндейді» деді.

Болат Нұрғалиев, ҚР СІМ жанындағы сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасы:

Былтырғы 76-сессияда ұйым пандемиядан қалай құтыламыз деп бас қатырған еді. Бірақ жұмыр жердегі жағдай биыл одан бетер шиеленісе түсті. Маймыл шешегі шықты. Ресей мен Украина қырқысып жатыр. Не керек тап қазір геосаясаттағы ахуалдың температурасы тым жоғары...Бұған бірінші Біріккен ұлттар ұйымы қам жейді. Әлемнің 193 мемлекеті мүше болған  іргелі құрылым осылайша бұрын-соңды болмаған аласапыран уақытты өткеріп жатыр. Ендеше бұл әлем көшбасшыларының ең бір қиын да қилы кезеңдегі бас қосуы болғалы тұр.