Үкімет басшысы қостанайлық шаруалармен кездесті

Келесі жылы Қостанай өңіріндегі сүт өңдейтін ірі кәсіпорында ірімшік шығарылады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Жоба Германия елінің инвесторларымен бірлесіп жүзеге асырылады. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қостанай облысына жұмыс сапары аясында осы зауытқа барып, өндіріс тетіктерімен танысты. Қазір сүт өнімдерінің 120 түрін шығаратын кәсіпорын тауарларын Ресей Федерациясына экспортқа жібереді. Алдағы уақытта Қытай нарығына шығу жоспарда бар. Осы орайда Премьер-Министр Үкімет тарапынан шаруаларға қолдау көрсетілетінін хабарлады. Мәселен, субсидия беріп, қолжетімді несиелер беру көзделген. Салада жүрген кәсіпкерлерге қойылатын талаптар 20% азаяды, – деді ол.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Біз ауыл шаруашылығы саласына бөлінетін қаражат көлемін ұлғайтып жатырмыз. Биыл бұл көрсеткіш екі есеге артты. Соның арқасында өндіріс қуаттылығын күшейту жоспарда бар. Ауылды аймақта көп адам тұрады. Сондықтан ауыл шаруашылығының болашағы зор екеніне сенім мол.