Сайлауға қатысуға үш партия тіркеудің алғашқы процедурасынан өтті

Келесі жылы мәжіліс сайлауына түсуге ниетті үш партия тіркеудің алғашқы процедурасынан өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Әділет министрі Қанат Мусин мәлімдеді. Тіркеуден өткендері  қазір съезд ұйымдастырып, активті қалыптастыру қамымен жүр. Құзырлы ведомство басшысының айтуынша, заңнамаға сай олардың құрамына 20 мың белсенді болуға тиіс. Яғни, әр аймақта кем дегенде 600 адам партияның мүшесі ретінде тіркелуі керек.  Жалпы сайлауға түсетін партия саны бастамашыл топтардың белсенділігіне байланысты болмақ, -  деді әділет  министрі.

Қанат Мусин, ҚР Әділет министрі:

- Бүгінде Халық дербестігі партиясы съезін өткізген, министрлікке мүшелерінің тізімін ұсынды. Қазір бұл тізімнің заң талаптарына сәйкестігін тексеріп жатырмыз. Ал «Намыс» және «Байтақ» партиялары съезд өткізгелі жатыр. Өзге партиялар әділет министрлігіне тіркелу кезеңінен өтпеді. Өйткені олардың құжаттары заң нормаларына сай болған жоқ.