loader


Елдегі инвестициялық жағдай менің жіті бақылауымда болады – Қ.Тоқаев

Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық экономикалық серіктестік барлық салада әртараптандырылып, кеңейе береді, деп хабарлайды «Хабар 24».

 Мемлекет басшысы Нью-Йоркте инвестициялық жиынға қатысып, мұхиттың арғы бетіндегі ірі бизнес өкілдерін бізге шақырды. «Елдегі инвестициялық жағдай жіті бақылауымда болады», – деді.Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Нью Йорк – алып мемлекеттің алып қаласы. Нью Йорк дегенде не елестейді? Әйгілі орталық саябақ. Бостандық мүсіні. Қаржы биржасы. Эмпайэр стейд билдинг. Сосын әрине, тайм сквер. Әлемнің осындай ең ірі  экономикалық, өнеркәсіптік орталығына келудегі біздің мақсат – Мемлекет басшысының сапарын көрсету. Ал Мемлекет басшысының сапары Қазақ пен Американың қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығару.

Қазақ пен Американың байланысын жандандыруға Мемлекет басшысының бүгінгі кездесулері дәлел. Нью-Йорк уақытымен таңғы 08:00-ден басталған іскерлік келіссөздер шамамен 21:00-ге дейін жалғасты. Кешқұрым Қазақстан мен Американың инвестициялық жиынына қатысты. Әуелі америкалық ірі бизнес өкілдеріне біздің елде болып жатқан өзгерістер хақында айтты. «Әділетті Қазақстан құрып жатырмыз. Реформалар ашықтыққа арналған», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз елімізде саяси өзгеріс жасап жатырмыз. Суперпрезиденттік басқару жүйесінен күшті Парламенті бар ел болуды мақсат еттік. Мұның бәрі елді жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Елімізге келетін шетелдік инвестиция былтыр 24 млрд долларға жеткен. Бұл – пандемияға дейінгі межеге қайта жеттік деген сөз. Яғни экономикамыз оңалып келеді. Ендеше, америкалықтардың қорықпай, қаржы құюына болады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы мүмкіндікті пайдалана отырып айтарым, инвестициялық жағдай менің жіті бақылауымда болады. Қазақстан Орталық Азияда қарқынды дамып келе жатқан ел ретінде инвестициялық климатқа айрықша көңіл бөледі. Сондықтан сіздерді өз еліме шақырамын.

Американың инвестиция тартуда тәжірибесі мол. Бұл ел мұнайға мүлдем тәуелді емес. Елді технологиялық һәм өңдеу секторындағы кәсіпорындар алға жетелеп келеді. Ендеше бұл жақпен осындай іскерлікті дамыту – қашанда тиімді. Екі елдің арасындағы қазіргі байланыс та жаман емес. Бізге инвестиция құю жағынан бірінші орында Нидерланды тұрса, екінші орынды осы АҚШ иеленеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Екі жақты тауар айналымы да өте маңызды. Соңғы алты айда тауар айналымы еселенді. Біздің АҚШ-қа экспортымыз 100% өсті.

Эдвард Лемон, Орталық Азия бойынша «Oxus Society» қоғамдастығының президенті:

- Cоңғы 31 жылдың ішінде, яғни Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері АҚШ пен Қазақстан өте тығыз, екі жақты қарым-қатынасты ұстанып келеді. АҚШ Қазақстан үшін ең үлкен инвестор саналады. Тек мұнай-газ саласында емес, одан бөлек түрлі секторда жұмыс істеп жатырмыз. Вашингтондағы, Конгрестегі және Ақ үйдегі әріптестермен пікір алмасқанда шынымен Қазақстан АҚШ үшін бағалы әріптес екенін байқаймын. Меніңше, қазақ елін, тәуелсіздігін қолдау мақсатында ортақ көзқарасамыз бар.

АҚШ-ты біздің елдегі агро сала қызықтырады. Ауыл шаруашылығында зор әлеуетке иеміз. Астық өсіретін алдыңғы қатарлы елміз. Қазақстан жыл сайын 5 млн тонна бидай, бір жарым млн тонна ұн экспорттайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз азық-түліктерімізді әлемдік нарыққа тұрақты түрде жеткізіп тұру үшін АҚШ-пен жұмыс істей беруге дайынбыз. Ауыл шаруашылық тауарларын өңдеуге құйылатын қаржыны қолдаймыз. Сондықтан тауар өндіретін америкалық компанияларды біздің әлеуетпен танысу үшін елімізге шақырамыз.

Минералдық ресурстарға да бай елміз. Егер америкалықтар осы салаға инвестиция құяр болса, біздің үкімет салықтық, кедендік жеңілдік жасайды. Жобаларын жүзеге асыру үшін жер ұсынады. Базалық инфрақұрылыммен көмектеседі. Тек бұл ел бізге ең үздік деген жаңа технологияларын әкелуге тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан мұнай-газ тасымалдау бойынша да зор әлеуетке ие. Әлемде өндірілетін уранның 45% біздің елге тиесілі. Атом электр станцияларына қажетті уран ұнтақтарын, жанармай таблеткаларын жеткізуші елміз. Бұдан бөлек, титанмен де әйгіліміз.

Қазақстан 2060 жылға қарай көмірсутегінен ада ел болуға ұмтылады. Бізде баламалы қуат көздеріне басымдық беріледі. Сондықтан америкалықтарды қызықтырып отырған бір сала – осы энергетика. Мемлекет басшысы тоқталған және бір мәселе – транспорттық әлеуетті дамыту.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Еуразиядағы транспорттық, логистикалық әлеуетімізді арттырып жатырмыз. Каспий дәлізі арқылы Еуропа мен таяу шығысқа шығатын транспорттық бағытты әзірледік.

Камран Бохари, «Newline Institute» орталығының аналитикалық даму жөніндегі директоры:

- Менің ойымша, дәл қазіргі уақытта АҚШ стратегиялық тұрғыда өзінің байланысын тереңдететін елдің бірі – Қазақстан. Екі ел қарым-қатынасы АҚШ-қа келетін қауіп қатерлерді еңсерудің жолы деп санаймын. Қазақстан –аймақтағы жетекші ел, Орталық Азия ғана емес, тұтас Еуразия құрлығында маңызды орыны бар мемлекет. Екі елдің байланысы позитивті бағытта өрбіп келеді, десе де біздің әлі де әріптестікті тереңдете түсетін салалар жетерлік.

Сол саланың бірі – жаңа технологиялар. Біздің ел өңірде технологиялық орталыққа айналуды көздейді. Қазір цифрлық реформа жүріп жатыр. Нәтиже бар. БҰҰ біздегі электронды үкімет порталын үздік отыздыққа енгізген. Сондықтан бұл сала да америкалықтарды қызықтырмай қоймайды. Президент сөз соңында бұл салаға да құйылатын қаржының қайтарымы мол болатынын тілге тиек етті. Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнес өкілдерін Қазақстанға шақырды. Бұл – қазақ пен американың серіктестігі алдағы уақытта қарқын алады деген сөз. Президенттің бүгінгі кездесулерінің мақсаты да осы еді.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы

Сондай-ақ...