БАӘ-мен инвестициялық келісімдер жасалды

900 млн АҚШ доллары. Бұл Қазақстан мен Біріккен Араб әмірліктерінің арасында қол қойылған келісімдердің жалпы құны, деп хабарлайды «хабар 24».

Әмірліктерге жасаған сапары кезінде Үкімет басшысы бірқатар инвестициялық холдинг пен жеке сектордағы компаниялардың басшыларымен келісім жасаған. Ресми сапары барысында Әлихан Смайылов Біріккен Араб әмірліктері Премьер-министрінің орынбасары, Президент Әкімшілігінің министрі – шейх Мәнсүр бен Заид Әл Нахаянмен кездесті. Жалпы арадағы алыс-беріс былтыр 709 млн АҚШ доллары шамасында болған еді. Әрі Қазақстанға құйылатын инвестицияның көлемі артып келе жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 43%-ға өсіп, 250 млн долларға жетті. Бұл үрдіс биыл да сақталып отыр. Осы ретте шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянға құны 6,5 млрд доллардан асатын ілкімді инвестициялық жобалардың тізімі берілді. Әсіресе өнеркәсіп, энергетика, банк секторы мен ауыл шаруашылығына мән берілген. Оның ішінде бірлескен венчурлік қор құру, қант зауытын салу және кальций қосылған сода өндірісін іске қосу бойынша ең ірі бес жобаға басымдық берілмек.

Мадияр Меңілбеков, Қазақстанның БАӘ-дегі төтенше және өкілетті елшісі:

– Сонымен қатар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі дамыту мақсатында туризм, геология, архив және өзара сауда салаларында өзара түсіністік меморандумдарына қол қойылды.