Қ. Тоқаев: БҰҰ-ға реформа керек

Біріккен Ұлттар ұйымын өзгеріс күтіп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әмбебап құрылымға реформа керек. Қазір әлем аумалы-төкпелі кезеңде тұр. Ал жаһанда тыныштық пен тұрақтылық болу үшін не істеу керек? Қасым-Жомарт Тоқаев үш қағиданы атады. Қазақ Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 77-сессиясының жалпы дебаттарында сөз сөйледі.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Былтырғы 76-сессияда ұйым пандемиядан қалай құтыламыз деп бас қатырған еді. Бірақ жұмыр жердегі жағдай биыл одан бетер шиеленісе түсті. Маймыл шешегі шықты. Ресей мен Украина қырқысып жатыр. Не керек, тап қазір геосаясаттағы ахуалдың температурасы тым жоғары. Бұған бірінші Біріккен Ұлттар Ұйымы қам жейді. Әлемнің 193 мемлекеті мүше болған  іргелі құрылым осылайша бұрын-соңды болмаған аласапыран уақытты өткеріп жатыр. Ендеше бұл – әлем көшбасшыларының ең бір қиын да қилы кезеңдегі бас қосуы.

Бұл – Бас ассамблеяның 77-сессиясы. Пандемияға байланысты бұған дейінгі екі сессия онлайн өткен еді. 2019 жылдан бері әлем көшбасшылары ұйымның штаб пәтерінде бас қоспады. Одан бері дүние өзгерді. Жүзбе-жүз көрісіп, талқылайтын жаһандық мәселелер көбейді. Әлем мінберінен сегізінші, яғни алғашқылардың бірі болып сөз алған қазақ басшысы: «Адамзат сындарлы кезеңге тап болды», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тәртіп пен жауапкершілікке негізделген әрі бұрын қалыптасқан халықаралық жүйенің орнын хаоспен болжауға келмейтін жағдай басып жатыр. Жаһандық тежеу мен тепе-теңдік жүйесі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтай алмады. Қауіпсіздік архитектурасы жойыла бастады. Әлемдік державалар арасындағы өзара сенімсіздік жылдам артып келеді. Әлем әскери қақтығыстардың жаңа толқынының құрбанына айналды. Біз бірінші рет екі буыннан кейін ядролық қаруды қолдану қаупімен бетпе-бет келдік.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін елдер ұйым аясында біріге түскен еді. Бірақ қазір көп мемлекеттің арасына жік түсті. Экономикалық және саяси текетірес күшейіп барады. Бұдан азық-түлік жеткізу тізбегін жойылып жатыр. Салдарын миллиондаған адам көреді.  

Антониу Гутерриш,  БҰҰ төрағасы:

- Бізге барлық бағыт бойынша әрекет ету керек. Бос қиялға ермейік. Біздің планетамыз қазір отқа оранып жатыр. Теңсіздік қатты өсті. Ұйымның жарғысы мен қағидаттарына қауіп төніп тұр. Қарапайым адамдар, әсіресе әлсіздер жапа шегіп жатыр. Біз шұғыл түрде әрекет етуіміз керек.

Гутерриштің сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев та қуаттай түсті. Президент дүниеде тұрақтылық орнау үшін не қажет екенін айтты. Алдымен мемлекеттердің егемендігін сақтамақ керек. Одан кейін территориялық тұтастықты құрметтеу қажет. Үшінші қағида – елдердің өзара бейбітшілікте болғаны маңызды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл үш қағидат өзара бір-біріне тәуелді. Осы қағидаттардың бірін сақтау қалған екеуін ұстануды білдіреді. Ал олардың бірін бұзу, басқа екеуін бұзған болып саналады. Дәстүрлі және ядролық қарусызданудың жаһандық жүйесі әлсіреген кезде аталған үш қағидатқа қауіп төнеді. Керісінше, үш қағидаттың түгел сақталуы олардың күшеюіне ықпал етеді. Бұл қағидаттар бірге кеңейтілген мемлекетаралық ынтымақтастықтың келесі үш деңгейіне негіз болады: субөңірлік, өңірлік және жаһандық. Бұл адамзат үшін пайдалы.

Елдер арасындағы қақтығысты қырғыз басшысы да тілге тиек етті. Қырғыз бен тәжік шекарасындағы ахуал қазір мәз емес. Ұйым мінберінен Садыр Жапаров тәжіктермен ортақ мәмілеге келуге дайын екендерін айтты.

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының президенті:

- Біз тәжікстандық әріптестерімізбен кез келген форматта келіссөздерді жалғастыруға дайынбыз. Біріккен ұлттар ұйымын, еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын, ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын пайдалана отырып, бір шешімге келсек дейміз. 

Әзербайжан мен Армения арасындағы шиеленіс те талайдан бері бітпей келеді. Бұл мәселеге жалпы дебат кезінде Түркия басшысы тоқталды. Ердоғанның айтуынша, Әзербайжан мен Арменияны бір келісімге келтіруге болады.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Түркия Әзербайжан мен Армения арасында жүріп жатқан процестерді қолдайды. Бірақ шекарадағы соңғы қақтығыстар осы жағымды атмосфераны бұзды. Бірақ Армения мен Әзербайжан арасында жан-жақты келісім әлі де болады деп үміттіміз. 

Қазіргі кезде жаһандық сын-қатерлер мен дағдарыстарға жай ғана жауап беру аздық етеді. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Келеңсіздіктердің алдын алып, қалыптасып келе жатқан үрдістерді жақсы болжай білу керек», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан 30 жыл бұрын дәл осы мақсатпен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңес құруды ұсынды. Жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге байланысты алдағы қазан айында араағайындық пен бітімгерлікке атсалысу мақсатында өтетін Саммитте аталған кеңес толыққанды халықаралық ұйымға айналады деп үміттенеміз.

Өзара келісім болу үшін келіссөздер керек. Сондықтан Шығыс пен Батысқа ашық диалог қажет. Президенттің және бір айтқаны осы. Біріккен ұлттар ұйымының сессияларында қазақ тарапының ядролық қаруға қарсы сөйлемей қалған кезі болған емес. Жаппай жою қаруының зардабын біздің жұрт жете түсінеді. Сондықтан Мемлекет басшысы еліміз ядролық қарудан азат әлем құру үшін жүргізіп жатқан күресін жалғастыратынын айтты. Сосын климаттың өзгеруі хақында сөйледі. Бұл – Қазақстанның басымдық беретін тағы бір мәселесі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Егер жағдайды жақсартқымыз келсе, жылдам іске көшуіміз қажет. Көпшілігіміз қазірдің өзінде бұл бағытта батыл қадамдар жасадық. Қазақстан 2060 жылға қарай еліміздің энергетика секторының мұнай мен газға тәуелділігінен көміртегінен бейтарап экономикаға толық көшіру міндетін алды. Ғаламшарымызды құтқару үшін бұрын-соңды болмаған көлемде инвестиция қажет.

Жаһан бас қатыратын күрделі міселенің бірі – азық-түлік қауіпсіздігі. Геосаяси текетірестердің кезінде бұл тіпті ушыға түсті. Ал біздің ел әлем нарығына астық пен басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті үздіксіз жеткізіп тұруға дайын. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен және БҰҰ агенттіктерімен ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл тұрғыда азық-түлік пен тыңайтқыштарды барлық санкциялар мен шектеулерден босату керек», – деді. Баяндамасының соңында траспорттық, логистикалық әлеуетімізді айтты. Қазір біздің ел Азиядан Еуропаға дейінгі маңызды құрлық дәлізі ретінде өсіп келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Транскаспий халықаралық көлік бағытына немесе «Орта дәлізге» тың серпін берілді. Алдағы жылдары біз Қазақстан арқылы жүк тасымалының айтарлықтай арта түсетініне сенімдіміз. Біз Каспий теңізінің бейбітшілік пен жаңа мүмкіндіктер теңізі ретіндегі позициясын қамтамасыз етуіміз керек. Алдағы айларда Қазақстан сауда және жеткізу тізбегінің істен шығуы салдарынан туындайтын энергияға және маңызды шикізатқа қолжетімділіктің шектелуін азайтуға көмектеседі.

Жаһандық басқаруда айтарлықтай кемшіліктер бар. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өткен жылдардағы жағдайлар БҰҰ-ын жаңғыртып, реформалау қажет екенін айқындап берді», – деді. Қазіргі басты талап – 193 ел мүше болып отырған бұл құрылым алдағы сын-қатерлерге дайын болуға тиіс. 77 -сессиядан көптің күтері де осы. Яғни өзгеріс һәм даму. 

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Еділ Ермекбаев, Азамат Саметов, Дулат Ентебеков, Айдос Серікболұлы