Ел президенттігіне үміткерлерді ұсыну басталды

Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, республикалық бірлестіктер өз кандидатын 11 қазан кешкі сағат 18:00-ге дейін таныстыру керек, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Ол үшін бірлестік отырысы кезінде толтырылған хаттама, кандидаттың келісімі және жарнаны төлеу туралы құжаттар дайын болуға тиіс. 5 күн аралығында комиссия өз шешімін шығарып, үміткерді тіркейді. Айта кетерлігі, әр үміткер өзін ұсынған ұйым мүшелерінің кем дегенде 1% дауысын жинау керек. Бұл тізімге ел өңірлерінің үштен екі бөлігі, республикалық маңызы бар қалалар мен елорда өкілдері кіруі тиіс. Яғни кем дегенде 118 273 адамның қолын жинағандар үміткер бола алады. Тіркелгендер кез келген уақытта өз кандидатурасын алып тастауға құқылы. Тек сайлауға екі күн қалғанға дейін үлгерген абзал. Ол үшін Орталық сайлау комиссиясына өтініш жазу жеткілікті.