ШЫҰ бас прокурорларының отырысы өтті

Қазір Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттерге әлемдік Жалпы ішкі өнімнің төрттен бірі тиесілі. Алайда мұның көлеңкелі де тұсы бар. Өйткені қылмыстық жолмен иемденген қаражатты заңдастыру, активтерді сыртқа шығару тыйылмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

БҰҰ-ның есебінше, әлем бойынша жыл сайын шамамен 2 трлн АҚШ доллары қолды болады. Сорақысы сол осы қаржының біраз бөлігі терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға жұмсалады. Бүгін ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің бас прокурорларының отырысында Берік Асылов осылай деді. Бас прокурор ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мұндай тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Берік Асылов, ҚР бас прокуроры:

– Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметі экстремизм, терроризм және сепаратизммен қарсы күреспен шектеліп қана қоймайды. Бұл алаңда бас прокурорлар бұдан да өзге трансұлттық қылмыстарға бірлесіп тосқауыл қою жолдарын талқылайды. Халықаралық сарапшылардың мәліметінше, осы ұйымға мүше мемлекеттердің өзге елдермен тауар айналымдарының жыл сайынғы айырмашылығы 675 млрд долларға жетіп отыр. Бұл қаражаттың біраз бөлігі қылмыстық мақсаттарға жұмсалады. Оның ішінде терроризм мен экстремизмді қаржыландыру да бар.