Мемлекет басшысы Түркістан жұртшылығымен жүздесті

Президент Түркістан облысына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев сапарын алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етумен басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы: «Мен қасиетті Меккеге барған кезде Қағба төрінде және осы жолы киелі Түркістанда ата-бабаларымызға құран бағыштап, Алладан бір-ақ тілек тіледім. Ол – еліміздің амандығы және халқымыздың бірлігі», – деді. Одан әрі Мемлекет басшысы облыс жұртшылығымен кездесті. «Түркістан – Атажұртымыздың алтын қазығы. Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев халық алдында сөйлеген сөзінде.

Түркістан облысы – еліміздегі халқы ең тығыз қоныстанған аймақ. Мұнда 2 миллионнан астам адам тұрады. Соңғы жылдары Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артты. Қаланың инфрақұрылымы жаңғырып, жаңа нысандар бой көтеруде. Облыста 77 мың адамға арналған көпқабатты үйлер салынды. Президент Түркістан еліміздегі ең басты туристік орталықтың бірі екеніне де тоқталды. 2019 жылдан бері аймаққа 2 миллионға жуық турист барған.  Облыста 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. «Түйткілдер әлі аз емес, әсіресе әлеуметтік салада мәселелер бар, дегенмен ең бастысы – жергілікті жұрттың ынта-жігері», – деп атап өтті Мемлект басшысы.

Бұдан бөлек, Президент өңірде экобелсенділердің іс-шарасына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев жастармен бірге Ботаникалық бақта тал екті. Іс-шара соңында жастармен тілдескен Президент Отанды сүю адал еңбектен басталуы керек екенін де ерекші атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Отанды сүю осындай адал еңбектен, пайдалы жұмыстан басталады. Еліміздің әрбір азаматы еңбекқор болуы керек. Баршаңызды қолдаймын, мақтан тұтамын. Өскелең ұрпақ – біздің үмітіміз, еліміздің болашағы. Біз ардагер болып мәңгі билікте отырмаймыз. Менің ең үлкен мақсатым – жастарға жол беру.