Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Шымкент қаласына барды

Қасым-Жомарт Тоқаев шаһарды дамытуға 170 миллиард теңге қаржы бөлінгенін және 1,5 триллион теңгеден астам инвестиция тартылып, қала бюджеті 4 есе өскенін тілге тиек етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде Президент Шымкентті еліміздегі табиғаты да, тұрғындарының ықылас-пейілі де ерекше ыстық жердің бірі ретінде атап өтті. «Қазақ руханиятында Шымкент шаһарының орны бөлек. Бұл – ұлт дәстүрінің берекелі бесігіне айналған қала. Сондай-ақ қазақы қасиет пен ыстық ықыластың символы. Бұл – үздік мәдениет пен ұлттық этикеттің тоғысқан жері. Ұлыларды ардақтау, үлкенді сыйлау – сіздердің басты ұстанымдарыңыз. Шымкент – ұлтымыздың өсіп-өнген, көктеп-көбейген мерейлі мекені. Сондықтан мен шырайлы қаланың халқын Жерұйығын тапқан жұрт деп сеніммен айтамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.