Шымкент сапары. Президент Үкіметке газ жеткізу үшін қаржы бөлу мәселесін тапсырды

Мемлекет басшысы Түркістаннан кейін ат басын Шымкентке бұрды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шымкент – еліміздегі ірі қалалар сапындағы өрісін кеңге жайған, халқы шағын және орта кәсіпкерліктің көзін тапқан, экономикасы дамыған, болашағы жарқын шырайлы шаһарлардың бірі. Енді бесінші шағын аудан ашылып, көрікті қаланың шекарасы ұлғаяды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қалаға 170 миллиард теңге қаржы бөлінгенін, 1 жарым триллион теңгеден астам инвестиция тартылып, қала бюджеті 4 есе өскенін тілге тиек етті. Өңірде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен «Көлік-логистика аймағын» кеңейту маңызды міндеттердің бірі. Қазір қалада аумағы 90 мың шаршы метр болатын 6 қойма бар. Мұны тиімді пайдаланса, қаланы оңтүстік өңірдегі ірі хабқа айналдыруға болады. Осы ретте Президент әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, бұл мәселені пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ 1 млн 200 мыңға жуық халқы бар шаһарды газ, су, электр желісімен қамтамасыз ету, сапалы жол салу сияқты мәселелер де назардан тыс қалмады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жылдың соңына дейін 15 мың тұрғыны бар Құрсай аумағына ауыз су жеткізіледі. Келесі жылы қала орталығынан шалғай орналасқан екі елді мекеннің су мәселесін толық шешуді тапсырамын. Қазір 8 елді мекенде сапалы электр жүйесі жоқ. Алдағы жылы бұл мәселені толығымен шешу қажет. Сондай-ақ тағы 8 елді мекенде газ мүлде жоқ. Үкімет пен әкімдікке бұл жерлерге газ жеткізу үшін қаржы бөлу мәселесін пысықтауды тапсырамын.