Президенттік сайлау алдында журналистерге арналған оқыту курстары басталды

3 күн ішінде өңірлік және республикалық БАҚ өкілдері маңызды науқан жайлы заңнаманы бұзбай, дұрыс ақапарат тарату жайын үйренбек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы қабырғасында өтіп жатқан курстарға еліміздің әр өңірінен келген 65 БАҚ өкілі біліктіліктерін арттыратын болады. Оларға орталық сайлау комиссиясының мүшелері дәріс оқып, қазіргі қолданыстағы заңнамаларды түсіндірмек.

Жалпы ұйымдастырушылардың айтуынша, БАҚ өкілдеріне онлайн түрде де курстар өткізіледі.

Сәбила Мұстафина, ҚР ОСК мүшесі:

- Кейде сіздер ақпарат таратар кезде жалпы контекстен белгілі бір айтылған сөйлемді ғана жұлып алып бересіздер. Нәтижесінде мәлімет бұрмаланып қалады. Мұндай мысалдар өте көп. Кейде нормалар, уәкілеттіліктер де ауысып кеткен кездер бар. Бұл өте жауапты іс қой. БАҚ арқылы кең аудиторияға маңызды ақпарат таратылатындықтан бұндай курстар өткізу өзекті.