loader


Қазақстан ең ірі цифрлық хабқа айналады

Қазір цифрлық дәуір. Жаңа технологиялар күн сайын қарыштап барады. Осылай кете берсе, он жылдан кейін әлемде өнімдер мен қызметтердің 70 проценті цифрлық негізде көрсетілмек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндайда көштен қалмау маңызды. Қалмау былай тұрсын, біздің ел еуразиялық кеңістіктегі ең ірі цифрлық хабтың біріне айналуды көздеп отыр. Мемлекет басшысы мұны «стратегиялық міндет» деді. Қазір де нәтиже жаман емес. Қазақстан көптеген дамыған елді озып, БҰҰ-ның цифрланған мемлекеттер рейтингінде үздік отыз елдің қатарында тұр. Дегенмен тоқмейілсуге болмайды. Елді одан әрі цифрлық трансформациялау үшін Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін бірнеше басымдықты айқындап берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бірінші – адамға бағдарланған қызметті дамыту. Мемлекетке цифрлық технологиялар, ең алдымен экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің жаңа түрлерін игеру, Финтех пен Индустрия 4.0-ді енгізу үшін қажет. Дегенмен «Government to citizens», яғни азаматтарға қызмет көрсету саласы да – маңызды басымдықтардың бірі. Цифрлық технологиялардың көмегімен біз азаматтардың күнделікті тіршілігін барынша жеңілдетуге және барлық адам үшін тең мүмкіндіктерге қол жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл үшін мемлекеттік басқаруды цифрландырудың «Invisible Government» мүлде жаңа форматына көшу қажет. Оның негізгі мәні - мемлекеттік саясаттың адамға баса мән беруі, оның қажеттіліктері мен мүдделеріне бағытталуы. Мемлекет қабылдаған ауқымды шаралар мен шешімдер азаматтарға байқалмайды, олар тек нақты нәтижені көреді. Сондықтан барлық мемлекеттік қызмет барынша электронды форматқа көшіріледі. Бюрократиялық рәсімдердің бәрі алынып тасталады.

Елде мемлекеттік қызметтердің 90 проценттен астамы электронды форматта көрсетіледі. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Жеке секторда да цифрлық жүйе жолға қойылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүгінде Қазақстан – цифрлық құжаттарды толыққанды енгізген санаулы елдердің бірі. Нәтижесінде азаматтарымыздың өзімен бірге жеке куәлігін, жүргізуші куәлігін, оқу орнын бітіргені туралы дипломын, неке туралы куәлігін және басқа да құжаттардың 15 түрін алып жүруі және көрсетуі талап етілмейді. Бұл жұмыс сөзсіз жалғасады. Мемлекет осы бағытта азаматтармен және бизнеспен өзара проактивті түрде қарым-қатынас жасайды. «Отбасының цифрлық картасы» енгізіліп жатыр. Ол нақты уақыт режимінде әртүрлі 80-нен астам параметрге талдау жасайды. Бұл өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларға ешқандай бюрократиясыз жедел көмектесуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, аталған әдіс нақты атаулы әлеуметтік көмекке көшуге ықпал етеді. Үкімет жыл соңына дейін бұл цифрлық сервисті пайдалануға беруі керек.

IT саласына қолайлы жағдай жасау екінші басымдық. Президенттің пікірінше, аймақ бойынша Қазақстан IT саласын дамыту үшін өте жақсы жағдай жасап отыр. «Astana Hub» IT стартаптарының халықаралық технопаркі арнайы салық және виза режимінде жұмыс істейді. Қазірдің өзінде 900-ден астам компания оның резиденті атанып, қазақстандық және халықаралық нарықтарда табысты қызмет етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жуырда АҚШ-та Microsoft, Epam, Coursera сияқты компаниялардың басшыларымен кездестім. Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайту, елімізге кәсіпорындарды көшіру жөнінде нақты келісімдерге келдік.

IT инфрақұрылымын кең көлемде жаңғырту ісі де өте өзекті. Мемлекет басшысының айтуынша, трафик шоғырланатын әлемдік орталықтарға қосылу үшін Транскаспий аумағында әзербайжандық әріптестермен бірлескен жұмыстар басталған. Қазақстанға Microsoft Azure, Amazon Web Services, Google Cloud және басқа да компаниялар тартылып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Халқының 40 пайызға жуығы ауылдық жерде тұратын біздің еліміз үшін барлық азаматты қолжетімді және сапалы интернетпен қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі шалғайдағы ауылдарды SpaceX және OneWeb төмен орбиталы спутник жүйесінің желісімен қамту жұмысын күшейтуі керек.

100 МЫҢ IT МАМАНЫ ДАЯРЛАНАДЫ

Цифрлық экономика мен Индустрия 4.0-ді дамыту ісі де еліміздің басым бағыты болмақ. Президент әлемнің бір орында тұрмайтынын, технологияның одан әрі дами беретінін айта келе, Үкіметке цифрлық экономиканы одан әрі дамыту үшін қолдау шараларын дер кезінде ұйымдастыруды тапсырды. Екі жыл бұрын әлемнің IT нарығына 30 миллион маман керек болған. Бүгінде бұл қажеттілік 100 миллионға жетті. 2025 жылға қарай 200 миллионға дейін артады. Сондықтан Президент өзімізде 2025 жылға қарай, кем дегенде, 100 мың жоғары білікті IT маманын даярлау қажет деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жуырда Нью-Йоркке жасаған жұмыс сапарым барысында Digital Nomads IT қоғамдастығындағы жас отандастарымызбен кездестім. Олар АҚШ пен Еуропадағы ірі компанияларда жұмыс істейді және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті. Бүгінде Қазақстанда халықаралық деңгейдегі өнім шығаруға қабілетті дарындылар аз емес. Сондықтан мен Үкіметке оларды қай жерде жұмыс істесе де қолдау көрсетуді және елімізді цифрландыруға барынша араластыруды тапсырдым.

ЕЛДЕ 50 ЦИФРЛЫҚ ЗЕРТХАНА АШЫЛАДЫ

Еліміздегі жоғарғы оқу орындарында 50 цифрлық зертхана ашылады. Бұл ғылым және жоғары білім министрі мен Huawei компаниясы арасындағы меморандум аясында жүзеге аспақ. Қос тарап бүгін тиісті құжаттарға қол қойды. Оның негізінде елімізде цифлық экономикаға кадрлар даярлауға ерекше мән берілмек. Осы арқылы коммуникациялық және цифрлық технологияларды қолданбалы түрде өндіріске енгізу көзделіп отыр. 

Саясат Нұрбек, ғылым және жоғары білім министрі:

– Президент қазіргі ақпараттық қоғамда және цифрлық экономикада үздіксіз білім алмасу аса маңызды деді. Сонда ғана бәсекеге қабілетті боламыз. Форумнан күтілетін нәтиже де сол. Яғни жаңа мүмкіндіктерге жол ашу.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Аслан Қаженов

Сондай-ақ...