Президент сайлауына дайындық басталды

Қазақстан Республикасы президенттігіне сайлауға түсетін әр кандидатқа республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат 10 миллион 312 мың 600 теңге болып белгіленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл қаржы кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарына сайлауалды бағдарламасымен шығуға, үгіт-насихат материалдары мен транспорттық шығындарына жұмсалады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында айтылды. Жиында бұдан бөлек сайлаушылар тізімдерімен жұмысты ұйымдастыру мәселесі де қаралды. Комиссия мәліметінше, 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша сайлаушылардың бірыңғай электрондық тізімінде 11 миллион 827 мың азамат тіркелген. Алайда бұл көрсеткіш әлі де нақтыланып өзгеруі мүмкін. Сонымен қатар лингвистикалық комиссия құрамы бекітілді.  Оған танымал, тәжірибелі 6 ғалым ұсынылды. Олар кандидаттардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын болады.

Мұхтар Ерман, Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:

– ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау үшін бірінші, лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көлемі екі беттен аспайтын тапсырма жазу. Екінші, лингвистикалық комиссия ұсынған көлемі үш беттен аспайтын мәтінді оқу. Үшінші, мәселе лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көпшілік алдында 15 минуттан кем емес сөз сөйлеу талап етіледі. ҚР Сайлау туралы заңына сәйкес кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергені анықтау рәсімі жұмыс істеп жүрген республика Президентіне қолданылмайды.