Президент шетелдік ғылыми ұйымдардың басшыларымен кездесті

Мемлекет басшысы жапониялық Chioda Technol Corp  компаниясының президенті Атару Иноуимен, Францияның Лауэ-Ланжевен институтының жетекші ғылыми қызметкері Валерий Несвижевскиймен және Ресейдің Біріккен ядролық зерттеулер институтының директоры Григорий Трубниковпен кездесу өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кездесуде Қазақстанның ядролық ғылым саласын дамыту мәселелері талқыланды. Шетелдік ғылыми ұйымдардың басшылары Қазақстан тарапымен тығыз ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты. Президент еліміздің атом энергиясын тек қана бейбіт мақсатта пайдалануды жақтайтынын айтты. Оның айтуынша, Қазақстан табиғи уран өндіруден әлемде бірінші орында тұр және ядролық отын түрлерін өзі өндіреді. Елімізде ядролық саланы ғылыми-техникалық тұрғыда қолдай алатын ғылыми мекемелер мен инфрақұрылым бар. Әңгімелесу барысында олар Қазақстанда атом энергетикасын дамыту, заманауи ядролық технологияларды пайдалану, отандық білікті кадрларды даярлау мәселелері жөнінде пікір алысты.