Ресеймен шекарада қазақстандықтардың кедергісіз өтуі үшін жеке жол жолақтары бөлінді

Ресеймен шекарада қазақстандықтардың кедергісіз өтуі үшін жеке жол жолақтары бөлінді

Бұл жайында бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов көші-қонның өзекті мәселелері бойынша өткізген кеңесте айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір мигранттардың аҒыны сәл бәсеңдеген. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, 29 қыркүйекте 22,5 мың адам келсе, соның 10 мың 100-і транзит арқылы басқа елдерге кеткен. Ал кеше 15 мыңға жуығы Қазақстанға өтсе, 11 мың 600-і өзге мемлекетке шыққан. Шекара қызметі директоры Ерлан Алдажұмановтың айтуынша, қазір тиісті инфрақұрылымы бар, өткізу пункттерінде жеке жолақтар бөлінгендіктен, қазақстандықтарға шекарадан өтуде еш кедергі жоқ. Дегенмен Премьер-Министр кей аймақтарда әлі де болса ұзын-сонар кезек барын айтып, бірыңғай алгоритм әзірлеу қажеттігіне тоқталды. Жүктемесі артқан шекаралық өткізу пункттерін, кеңейту жөнінде шаралар қабылдау керектігіне де назар аударды. Жиын соңында Үкімет басшысы тұрғын үйді жалға алу кезінде азаматтардың құқықтарын түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Egov немесе көп қолданылатын қосымшалар арқылы, тараптардың құқықтары мен міндеттерін көрсететін типтік жалға алу шартына цифрлық түрде қол қоюға болатындай етіп жасау керектігін де міндеттеді.