Президент сайлауы қалай өтеді

Президенттік сайлау жарияланды. Енді ниет білдірген ұйымдар мемлекет басшысы қызметіне лайық дейтін өкілін бекітіп, оларды ресми түрде кандидат ретінде ұсына алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылғы президент сайлауының басты ерекшелігіне тоқталатын болсақ, бұл бәйгеге тек саяси партия мүшелері ғана емес, түрлі республикалық бірлестік өкілдері де қатыса алады. Бірақ бір ұйымнан тек бір ғана кандидат ұсынылатынын ескерген жөн.

Оразғали Селтеев, Еуразиялық интеграция институтының директоры:

– Президент сайлауына тек республикалық бірлестіктер бекіткен үміткерлер ғана қатыса алады. Өзін-өзі ешкім ұсынбайды. Мәселен, бізде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Азаматтық альянс, түрлі кәсіподақ бар. Олар заңды тұлға ретінде тіркелгендіктен, президенттік сайлауға қатысуға толық құқығы бар. Бұл тізімге тек бүкіл ел аумағында өкілдіктері барлар ғана ілігетін болады.

Кандидатты таңдау процесі басталғанда Орталық сайлау комиссиясы әрбір республикалық бірлестікке арнайы қағаз береді. Дауыс беру нәтижелері осы құжатта көрсетіліп, 5 күн ішінде комиссияға қайтарылуы тиіс. Орталық сайлау комиссиясының мүшелері бұл азаматтардың барлық талапқа сай келуі туралы шешім қабылдауына тағы 5 күн қажет. Жауаптылар кандидатты тіркемеген жағдайда үміткер 10 күндік мерзімде шағым білдіруге құқылы. Ал тіркеуден өткендерге тиісті куәлік табысталады. Олар 50 ең төменгі жалақы көрсеткіші мөлшерінде жарна төлеп, бұқаралық ақпарат құралдарына хабарлама жасайды. Мұнда оның аты-жөні, туған жылы, қызметі мен тұрғылықты мекені көрсетілуі керек. Сайлау комиссиясы әр кандидаттың мемлекеттік тіл білімі мен соңғы 15 жыл Қазақстанда тұрғанын тексереді. Әр кандидат заңды жұбайымен бірге өзінің активтері жайлы декларация тапсыруға міндетті. Барлық кандидат анықталған бетте, сайлауалды насихат жүргізуге рұқсат беріледі. Заң бойынша оның мерзімі 2 ай. Сайлау кезінде дауыс беру процесін әдеттегідей отандық және халықаралық байқаушылар қадағалайды. Алайда сарапшылар азаматтардың өзі де бұл функцияны атқара алады деп есептейді. Ол үшін дауыс берушілер белсенділік танытып, сайлау учаскелеріне келуі қажет.

Оразғали Селтеев, Еуразиялық интеграция институтының директоры:

– Біздің институт жүргізген зерттеулерге сүйенсек, бұған дейінгі президенттік сайлауларға дауыс бере алатын халықтың 65 проценті қатысқан. Биылғы сайлауда ерекше белсенділік таныту маңызды. Әр бюллетень толтырылса, дауыстарды санау кезінде заң бұзушылықтарға жол берілмейді. Тізімде тек кандидаттардың аты-жөні ғана емес, барлығына қарсы деген бағана бар. Осындай да таңдау жасауға рұқсат. Азаматтарымыз осыны түсінсе абзал. Халықтың саяси белсенділігінің арқасында ғана демократия нормалары мен жарияланған реформаларды жүзеге асыру мүмкін болады.

Биыл енгізілген реформаға сәйкес ел президенті 7 жылдық бір мерзімге ғана сайлана алады. Науқанды өткізуге шамамен миллиард теңге жұмсалмақ. Бұл туралы Қаржы министрінің орынбасары Татьяна Савельева хабарлады. Аталмыш қаражат Үкімет резервінен алынады. Соманың 90 проценті сайлау комиссиялары мүшелерінің жұмысына төленеді. Комиссияларда шамамен 70 мың адам істейді.

Авторлары: Дариға Ташенова, Марат Диханбаев