Волонтерлер Қ.Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде ұсынды

Ұлттық волонтерлер желісі Қасым-Жомарт Тоқаевты Президенттікке кандидат ретінде ұсыну туралы бастама көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шараға ұйым мүшелері еліміздің барлық өңірінен онлайн қатысып, ұсынысты 100 пайыз қолдады. Олардың айтуынша, қазіргі президентке деген сенім елдің көркеюіне және халықтың мүддесіне бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен ауқымды реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жиында Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі волонтерлік қолғалыстарға қолдау көрсетіп, демеу болғаны да айтылды.

Қазақстан Азаматтық альянсы да Президент лауазымына Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынуды қолдайтынын мәлімдеді. Барлық аймақтағы ұйым мүшелерінің басын қосқан конференцияда қатысушылар бұл шешімді бір ауыздан қолдады. Сонымен қатар шарада Президент ұсынған бастамалар мен реформалар қарапайым халықтың мүдделерінен туындап отырғаны айтылды.