Азаматтық Альянс Қ.Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды

Қазақстан Азаматтық Альянсы да Президент лауазымына Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды "Хабар 24".

Барлық аймақтағы ұйым мүшелерінің басын қосқан конференцияда қатысушылар бұл шешімді бірауыздан қолдап дауыс берді. Альянс мүшелерінің пікірінше, кейінгі кездері елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінде оң өзгерістер болды. Ал Президент ұсынған бастамалар мен реформалар қарапайым халықтың талап-тілегінен туындағаны айтылды.

Бану Нұрғазиева, «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ президенті:

– Наурыз бен қыркүйек айларындағы Президенттің халыққа жолдауы жылы қабылданды. Бүгінде біз Қазақстан даму болашағын мүлде басқа қырынан көреміз. Бірақ қолға алынған реформалар іске асуы үшін оның басында тұратын көшбасшы керек. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты осы лауазымға лайықты деп санаймыз.