Президент еңбек адамдарын марапаттады

Қарағандылық қоғам белсендісі Ләззат Қожахметова осыдан үш жыл бұрын көпбалалы аналарға қолдау көрсететін «Талбесік» ұйымын құрған. Содан бері облыстың 4 бірдей ауданында бөлімін ашып, қазір ұйым мүшелерінің қатары 4000-ға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда кәсіби мамандар мұқтаж аналарға барынша қолдау көрсетеді. Бизнес ашуға, түрлі құжаттарды рәсімдеуге жәрдемдеседі. Демеушілер тауып, жағдайы төмен 16 жанұяның баспаналы болуына ұйытқы болған. Еңбек ескерусіз қалған жоқ. Ләззат ел Президентінің қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алды.

Ләззат Қожахметова, «Талбесік» көпбалалы аналар одағы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

- «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығында тегін заңгерлік көмек көрсетіледі, тегін психологтар жұмыс істейді. Балабақша кезегіне, үй кезегіне тұру, үйірмелерге тіркелу, қайтарымсыз гранттар ұту бойынша кеңестер береміз және оған қалай құжаттар тапсыруға болады, сол біздің орталыққа тапсырады, 5 күн бойы тегін қызмет көрсетеміз. Сол біздің кішкентай ғана еңбегімізді елеп, Президент міне марапат тапсырып жатыр.

Ал Алексей Берг металлургия комбинатында 30 жылдан астам еңбек етеді. Басында қатардағы балқытушы болып жұмысқа тұрған ол кейін цех басшысы қызметіне дейін көтерілген. Алексейдің басшылығымен жуырда ұйымшыл ұжым жаңа рекорд орнатып, миллион тонна өнім берді. Сол адал еңбегі үшін үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.

Алексей Берг, металлург:

- Біздің басшы ретіндегі басты міндетіміз – жұмысты  дұрыс үйлестіру, ұжымның тілін табу. Ең маңыздысы – әр жұмыскердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Егер еңбек жағдайы дұрыс болса жігіттеріміз кез келген өндірістік тапсырманы тиянақты орындайды.

Өндіріс ошақтарындағы еңбек қауіпсіздігін нығайту қажеттігін бүгін Мемлекет басшысы жауапты тұлғаларға қадап тапсырды. Соңғы жылдары компания шахталарға шама-шарқынша жаңа қондырғы алып жатыр, - дейді кенші Артем Қасымов. 14 жыл бойы көмір қазып келе жатқан еңбек майталманы бүгін марапатқа ие болды. Оның атасы, әжесі, әкесі де шахтада еңбек еткен. Бүгінде әулеттің жалпы жұмыс өтілі 130 жылдан асыпты.

Артем Қасымов, кенші:

- Егер шахталардың барлығын заманауи қондырғылармен қамтамасыз етсе, қайғылы жағдайлар азаяр еді. Компания түрлі комбайндар алып жатыр. Бұрын қолмен атқаратын жұмыстардың көпшілігін қазір әмбебап машиналар атқарады. Дегенмен әлі де жетіспейтін тұстары бар. Енді соларды ретке келтірсе.

Айта кету керек, кеншілерді баспанамен қамту үшін биыл бірінші рет Қарағанды өңірінде жеңілдетілген ипотека бағдарламасы қолға алынды. Жыл соңына дейін 120 жұмыскер қоныс тойын тойлайды. Сонымен қатар облыста 35 жастан аспаған жастарға да жеңілдетілген шартпен ипотека беріле бастады. Көмек қаржыны мұғалім, дәрігер, журналист, әлеуметтік сала қызметкері секілді 7 түрлі мамандық иелері ала алады. Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды жергілікті жерде тұрақтандыруға ықпал ететін игі бастаманы өзге облыстарда да жүзеге асыру керектігін айтты.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар