Сегіз ұйым Президент лауазымына Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды

Алдымен Қазақстан Азаматтық Альянсы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Барлық аймақтағы ұйым мүшелерінің басын қосқан конференцияда қатысушылар бұл шешімді бір ауыздан қолдап, дауыс берді.

Альянс мүшелерінің пікірінше, Президент ұсынған бастамалар мен реформалар халықтың талап-тілегінен туындады.

Одан бөлек, дәл осы уақытта Ұлттық волонтерлер желісі де қазіргі президентті кандидат ретінде ұсыну туралы бастама көтерді.

Олардың айтуынша, Мемлекет басшысына деген сенім елдің көркеюіне және халықтың мүддесіне бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен ауқымды реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Бану Нұрғазиева, «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ президенті:

- Наурыз бен қыркүйек айларындағы Президенттің халыққа жолдауы жылы қабылданды. Бүгінде біз  Қазақстан даму болашағын мүлде басқа қырынан көреміз. Бірақ қолға алынған реформалар іске асуы үшін оның басында тұратын көшбасшы керек. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты осы лауазымға лайықты деп санаймыз.

Ардагерлер ұйымы мен генералдар кеңесі де елдегі ең жоғарғы лауызымға Қасым-Жомарт Тоқаевты лайық санайды. Олардың пайымынша, Президенттің тәжірибесі мен халықаралық аренадағы беделі мемлекеттің өркендеуіне сеп болады.

Бақтыққожа Ізмұхамбетов, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңесінің төрағасы:

- Бізге қазіргі сынаптай сырғыған саясатты жақсы түсінетін, тәжірибелі президент керек. Әлемдік беделі бар. Ел мүддесі үшін қажет кезде батыл шешім қабылдап, көш бастай алатын саяси тұлға керек. Құрметті делегаттар! Бүгінгі съезде ҚР Президенттігіне кандидаттыққа Ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігі атынан Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын ұсынамын.

«Қазақстан team» ұйымы да Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын құп көреді. Бастама қауымдастықтың жиналысында көтерілді. Жиынға қатысушылар шешімді бір ауыздан қолдады.

Белсенді жастардың айтуынша, бұған Мемлекет басшысының халықаралық аренадағы дипломатиялық тәжірибесі мен әлемдегі тұрақсыз геосаяси ахуал себеп болған.

Отандық спортшылардың бастамасы да осыған саяды. Олимпиада және әлем чемпиондары, бұдан бөлек, спорттың маңайындағы басқа да мамандар бүгін елордада бас қосып, арнайы брифинг өткізді. Жиында Мемлекет башсысының бүгінге дейін жасаған жұмыстарына жоғары баға беріп, оның алдағы уақытта үзілмегені дұрыс деген пікірді алға тартты.

Олжас Сүлейменов, «Qazaqstan team» республикалық ұйымының жетекшісі:

- Қазіргі кезде жалпы геосаяси жағдай өте күрделі екені бәрімізге белгілі. Қ. Тоқаевтың дипломаттық тәжірибесі және ұсынып отырған реформалық пакеті жастарға қатысты бүкіл саланы қамтып отырғаннан кейін .

Президент сайлауына кандидаттарды қабылдау 11 қазанда аяқталады. Қазір Орталық сайлау комиссиясына тек екі азамат өз құжаттарын ұсынды. Саяси науқаны сәтін салса 20 қарашада өтеді.

Авторлары: Бекзат Аманов