Президент Павлодарда ұстаздармен кездесті

Президент жұмыс сапары аясында Павлодардағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназияға барды. Оқушылар мектеп кітапханасында Мемлекет басшысына Рамазан Тоқтаровтың шығармашылығы бойынша «Оқуға құштар мектеп» жобасын таныстырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сосын жазушының «Ертіс мұхитқа құяды» атты кітабын сыйға тартты.

Бұл білім ордасының іргесі 85 жыл бұрын қаланған. Мектептің өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда оқушылар бірінші сыныптан, он бірінші сыныпқа дейін Абайды оқиды. Ұстаздар «Абайды таныту арқылы жас ұрпақты толық адам қылып қалыптастырсақ» дейді.

Салтанат  Шабажанова,  Абай атындағы гимназия директоры:

- Осыдан соң Президент Павлодар облысының педагогтарымен кездесті. Бұл республикалық және халықаралық пән олипиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған ұстаздар. Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы мамандық иелерін Дүниежүзілік Ұстаз күнімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысы ұлттың қайта өрлеу орталықтарының бірі екенін атап өтті. «Қазақстандық көптеген танымал ғалым осы өңірде өскен және қазіргі педагогтар аға бауынның ізін жалғап келеді» деді. Сосын қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін қайта жаңғырту керек екенін айтты. Президенттің пікірінше, біз ұлттық дәстүрімізді сақтай отырып, қоғамда прогрессивті ұғымдарды белсенді дәріптеуіміз қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жастарымыздың отаншыл, әділ, адал және еңбекқор болып өсуіне ұстаздың қосатын үлесі орасан зор. Біз жастардың еңбекке құлшынысын арттыруымыз қажет. Әділетті Қазақстанда еңбек адамы ең бірінші орында тұрады. Себебі отаншылдық, ең алдымен, туған еліңің игілігі үшін қызмет ету деген сөз. Ол үшін, әрине, еңбекқор, іскер болу керек. Әркім өз болашағына өзі жауапты екенін жастар бала кезден терең ұғынып өсуге тиіс. Бұл идеялардың бәрін балалардың санасына міндетті түрде сіңіру керек. Ұлы Абай айтқан «Толық адам» ұғымы – болмысы кемел, көзқарасы терең, көкірегі ояу, еңбекқор адам дегенді білдіреді. Халқымыз «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» бекер айтпаған.