Қ.Тоқаевты қолдау мақсатында халықтық коалиция құрылды

Бүгін Қ.Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалиция форумы өтіп, онда қазіргі Мемлекет басшысы кандидат ретінде ұсынылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шараға 20-дан астам саяси ұйым мен бірлестіктер, мыңнан астам белсенді азамат қатысып, ұсынысты бірауыздан қолдады. Жиын барысында Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров сөз алып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа кандидат ретінде түсуін сұрады. Бұдан бөлек форум кезінде спортшылар, батырлар, журналистер, депутаттар да сөз алып өз пікірлерін білдірді. Жиналғандардың ойы қазіргі әлемде қалыптасқан геосаяси жағдайда тәуелсіз Қазақстанның тұтастығын сақтап, елімізді одан әрі дамыту жолында білікті, тәжірибелі көшбасшының қажет екендігіне саяды.

Ерлан Қошанов, AMANAT партиясының төрағасы:

– Біз Мемлекет басшысының стратегиялық бағдарын қолдаймыз және оның реформаларын әрі қарай ілгерілетуге күш саламыз. Сондықтан бүгін халықтық коалиция президенттікке Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынады! Бұл таңдау – еліміздің шынайы патриоттарының,  Қазақстанның болашағына бей-жай қарамайтын миллиондаған азаматтардың таңдауы! Ең бастысы, сайлау қарсаңында жетекші саяси күштердің ортақ мақсат жолында жұдырықтай жұмылуы елді жігерлендіреді.