Сайлау-2022: саяси партиялар Қ.Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды

Парламенттің төменгі палатасында мандаты бар 3 партия да 1 кандидатты таңдады. Саяси ұйым мүшелері алдағы президенттік сайлауда қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты үміткер ретінде қолдау жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша, партиялар ортақ коалиция құрамына енбек жоспарда. Үш партия арасында бірінші болып Тоқаевтың кандидатурасын «Аманат» ұсынды. Бүгінгі съезге саяси ұйымның 1200 мүшесі қатысса, соншасы үміткерді бір ауыздан қолдады. Партия төрағасы Ерлан Қошанов ең әуелі Тоқаевтың қиын кезеңде ел басқарғанын сөз етіп, «Қаңтар оқиғасына» да тоқталып өтті.

Ерлан Қошанов, AMANAT партиясының төрағасы:

– Қазіргі алмағайып уақытта бізге ең әуелі мемлекеттік жауапкершілікті терең сезінетін тегеурінді тұлға керек. Ауқымды өзгерістер өзінің заңды жалғасын табуы тиіс. Ал мемлекет алдында тұрған ұлы мақсат-мұраттарға қол жеткізу үшін бізге лайықты көшбасшы керек. Сондықтан президенттіке үміткер ретінде Қ.Тоқаевты ұсынамын.

Қазіргі Мемлекет басшысын Қазақстан Халық партиясы да қолдады. Саяси ұйым төрағасы Ермұхаммед Ертісбаев Тоқаевтың ұстанымдары мен шешімдері партияның идеологиясына сай келеді деп мәлімдеді.

Асхат Асылбеков, ҚХП саяси бюро мүшесі:

Ол естіп жүр халық не айтады, біздің партия нені айтады. Сол айтқан пікірлерді қабылдап, біздің сөзіміз әділетті екенін түсініп, бізді қолдап жүр. Сол үшін де біз оны қолдаймыз. Тоқаев ұстанған саясатты бізге ұнайды, біз оны қолдаймыз.

Коалицияға қосылатындығын бүгін «Ақ жол» демократиялық партиясы да жариялады. Бірақ таңдау оңай болмады. Шешім жасырын дауыс беру арқылы шығарылды. Себебі кейін олардың саны үшеуге дейін қысқарған. Осылайша, дауыс беру қорытындысы бойынша коалициямен бірге қазіргі Мемлекет басшысын қолдауға партиялықтардың 64,1% келісімін берді.

Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:

Енді мен коалицияға кірген азаматтармен байланысамын. Ақылдасамыз, әрі қарай әр партияның өзінің ұстанымдары бар ғой. Кейбір партияның ұстанымдары бір-біріне қайшы болып шығуы мүмкін. Бұл жерде біз ортақ шешімге келуіміз керек секілді.

Айта кету керек, алда тұрған Президенттің сайлауға қазіргі Мемлекет басшысы додаға ешбір партия атынан қатыспайтынын жариялаған. Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық-саяси күштердің коалициясының кандидаты болуға дайын екендігін айтты.

Авторлары: Риат Шони, Мұрат Әріпханов