Ұлыбританияда еліміздің стрестік активтер нарығы таныстырылды

Лондонда өткен «Global NPL» халықаралық саммитінде Қазақстандағы стрестік активтер нарығының дамуы туралы ақпарат берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар қаржы секторын стрестік активтерден тазартудағы және оларды экономикалық айналымға тартудағы жетістіктер туралы айтылды. Соңғы жылдары Қазақстандағы стрестік активтердің көлемі азайды. Демек қаржы секторының тұрақтылығына қауіп төнбейді. Дейтұрғанымен қалған 2,5 трлн теңге көлеміндегі стрестік активтерден құтылу керек.Оларды бұрын тікелей тек ішкі инвесторлар ғана сатып ала алатын. Ал халықаралық компаниялар көбіне шетте қалып қоятын. Ағымдағы жылдың 4 шілдесінде Мемлекет басшысы Стрестік активтер нарығын дамыту туралы заңға қол қойып, жағдай өзгерді. Енді шетелдіктер де жергілікті сервистік компаниялардың қызметін пайдалана отырып, нарыққа еркін кіре алады.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы:

Сервистік компаниялар институты қарастырылған. Олар тиісті талаптарға жауап беретін коллекторлық агенттіктер немесе стрестік активтерді басқару бойынша ұйымдар. Соңғылары проблемалық активтерді басқару бойынша қызметтер көрсете алады. Бұдан бөлек стрестік активтерді экономикалық айналымға тезірек енгізу үшін оларды банктердің балансында ұстау уақыты 3 жыл мерзімге дейін айтарлықтай азайтылды.

Жиынға қатысушы инвесторларды Қазақстандағы стрестік активтер туралы ақпараттың ашықтығы және оның қолжетімділігі, сондай-ақ активтерге дұрыс баға белгілеу, салықтық жеңілдіктер мәселесі қызықтырды.

Айта кетер жәйт, бүгінде мұндай активтерді сатып алу және сатудың цифрлық платформасы жасалғалы жатыр. Ол әлеуетті инвесторларды ақпаратпен толық қамтамасыз етпек. Барлық мәмілелер де дәл осы платформада жасалады.

Николас Пейдж, «Қазына капитал менеджмент» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор:

Өте жақсы аудитория жиналды. Таныстырылымды ұйып тыңдады. Инвесторларды қазақстандық Үкімет қолға алған стрестік активтер нарығындағы өзгерістер қызықтырды. Жаңа заңнама және қаржы нарығын реттеу мәселелері туралы сұрақтар қойылды. Екіншіден, олар банктердің осы процесске араласуға қаншалықты құлықты екендігін де білгісі келді.

«Global NPL» –- стрестік активтердің әлемдік нарығында жұмыс істейтін негізгі ойыншылардың басын қосатын саммит. Оған Қазақстан биыл бірінші рет қатысып отыр. Шарада бізден бөлек Испания, Түркия, Бразилия және Греция бой көрсетіп, өз елдеріндегі стрестік активтер нарығы туралы ақпараттарымен бөлісті.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы