Еуропалық саяси қауымдастықтың алғашқы кездесуі өтті

Чехия астанасы Прагада Еуропаның 44 елі қатысқан Еуропалық саяси қауымдастықтың алғашқы кездесуі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа саяси жиын ЕО елдерімен бірге оған қосылуға үміткер мемлекеттер және НАТО-ға кіруге ниетті елдерді қамтиды. Кездесуде бейбітшілік, қауіпсіздік, миграция және экономика мәселелері талқыланды. Әзербайжан мен Норвегия Еуропаға энергетикалық дағдарысты еңсеруге көмектесетінін жеткізді. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ЕО-ға миграция мәселесін шешуге ат салысып, энергетика саласында ынтымақ орнатуға дайын екенін айтты. Франция басшысы Эммануэль Макрон болса кәрі құрлықтың энергетикалық ресурсын қорғауға шақырды. Еуропалық саяси қауымдастықтың келесі кездесуі жарты жылдан кейін Молдовада өтеді. Ал бүгін Еуропалық Одақ елдері Прагада энергетикалық дағдарысты еңсеру жолдарын талқылайды.

Петр Фиала, Чехия премьер-министрі:

- Қазір Еуропаның әрбір елі бетпе-бет ұшырасып отырған ең басты мәселе – энергия бағасының өсуі. Біз энергетикалық шикізатты алу көздерін әртараптандыруымыз қажет. Мәселеге қатысты Норвегия мен Әзербайжан ЕО-ға көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

- «Солтүстік ағын» газ құбырларындағы жарылыстарға байланысты біз маңызды инфрақұрылымдарымызды қорғау жағын ойластыруымыз қажет. Бұл жерде мәселе газ құбырларымен қатар электр сымдары және жерсеріктеріне қатысты болып отыр. Осы бойынша жалпы еуропалық деңгейде қандай шараларды қолға алу жөнінде келісімге келдік. Мұндай стратегияны Одақ елдерімен қатар құрлықтағы өзге де мемлекеттер жүзеге асыруы тиіс.