Қазақстан-Корея дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдығына орай Алматыда концерт өтті

Биыл Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл. Осыған орай Алматыдағы Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрында  Тэгу қаласының корей дәстүрлі музыка оркестрі керемет кеш өткізді. Концертті жергілікті тұрғындармен бірге Корей Республикасының Алматыдағы Бас консулы Пак Нэчхон да тамашалады.

Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығымен бірге  Алматыдағы Корей  академиялық театрының 90 жылдығы тұспа-тұс келіпті. Кеш театр алдына ағаш егуден басталды. Бас консул айтулы күнге орай жақсылыққа жорып, Кореяның символына баланатын гибискус ағашын отырғызды. 

Пак Нэчхон, Алматыдағы Корея Республикасының Бас консулы:

- Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас жыл сайын нығайып келеді. Екі ел үкіметінің осы жылды «Өзара мәдени алмасу жылы» деп жариялағаны да осы сөзіміздің дәлелі. Корея мен Қазақстан халықаралық аренада әрдайым бір-біріне қолдау көрсетіп келеді. Алдағы уақытта да екі ел арасындағы  достық қарым-қатынастың арта түсеріне менің сенімін мол!

Дәстүрлі өнерімен күллі әлемге танылған Тэгу музыкалық оркестрі Алматы жұртшылығының да ыстық ықыласына бөленді. Бұл кеште Ким Бенхо мен Ким Донджин секілді Кореяның белгілі музыканттарының шығармалары орындалса, Чосонг әулеті кезіндегі сарай биі, «Ипчум» корей дәстүрлі биінеде көрермендер тәнті болды. 

Ли Хёнчан, Тэгу дәстүрлі оркестрінің көркемдік жетекшісі және дирижері:       

- Бұл концерттің негізгі мақсаты – екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайту. Сондай-ақ жергілікті тұрғындарды Тэгу оркестірінің сүйемелдеуімен  дәстүрлі корей өнерімен сусындату. Мұнда тұрып жатқан Корея азаматтары аз емес. Сондықтан біздер бір күнмен шектелмей екі күндік концерт беруді жөн санадық.  

Алматыдағы корей театры — әлемдегі ең көне және Оңтүстік Корея мемлекетінен тыс жерде ашылған жалғыз мемлекеттік өнер ордасы.

Жандос Айтбайұлы, Мұхит Құдықбаев