АӨСШК саяси аренада салмақты ұйымға айналуы мүмкін

Астанада өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің VI Саммитіне 11 елдің президенті келеді.

Саммитке  Әзербайжан, Ирак, Иран, Катар, Қырғызстан, Палестина, Ресей, Тәжікстан, Түркия және Өзбекстан басшылары келеді. Вьетнам мен Қытайдың вице-президенттері алқалы жиынға қатысады. Бұл кеңестің алтыншы саммиті. Әлемдегі күрделі геосаяси жағдайды ескере отырып, алдағы басқосуға үлкен үміт артылды. Кеңеске жаңа елдер қосылып, ол саяси аренадағы салмағы бар ұйымға айналуы мүмкін дейді сарапшылар. Ал 14 қазанда «Орталық Азия-Ресей» саммиті өтеді. Жоғары деңгейдегі кездесуде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ресей президенттері алты жақты форматтағы ынтымақтастықтың келешегін талқылайды. Жиын соңында мемлекет басшыларының Бірлескен мәлімдемесін қабылдау жоспарланып отыр. Онда Еуразиялық кеңістіктегі өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қарастырылады. Айтулы шараларға дайындық қызу жүріп жатыр.