Қазақ пен Қатар қатынасы қарқын алады

42 жастағы шейх Тамим бен Хамад Әл Тәни Қатардың төртінші Әмірі. 2013 жылдан бері тақта. Әмір мен қазақ басшысының байланысы қашан да мығым. Бір-біріне деген ықыласы бөлек. Оны жылы жүздесуден-ақ аңғаруға болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– Екі тарап уақыт ұзатпай жолығып тұрады. Мемлекет басшысы Қатар Әмірімен Дохада маусым айында ғана кездескен еді. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Тамим бен Хамад Әл Тәниді елімізде шақырған. Сол шақыруды қабыл алып, Әмір міне астанаға табан тіреді.

Қазақ пен Қатар басшысы қатар жүріп, екі жақты кездесу өтетін залға беттеді. Тараптар әуелі шағын құрамда кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев мейманына ілтипат білдіре отырып, Әмірді елде көргеніне қуанышты екенін жеткізді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Менің шақыруымды қабыл алып, мемлекеттік сапармен Қазақстанға келгеніңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Біз бүгін екіжақты қарым-қатынастың ең маңызды мәселелері бойынша тиісті уағдаластықтарға қол жеткіземіз. Біз үшін Қатар Мемлекеті – Таяу Шығыстағы ең маңызды серіктес. Сондықтан қарым-қатынасымызды одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерімізді саламыз.

Шейх Тәмим Бен Хамад Әл Тәни, Қатар Әмірі:

– Жоғары мәртебелі президент мырза, еліңізге мемлекеттік сапармен шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Екі ел арасында жақсы қарым-қатынас орнаған. Маусым айында Дохада өткен экономикалық форум кезіндегі бірқатар уағдаластықты іске асыру біз үшін маңызды. Бұл келісімдердің мақсаты – бірнеше салада ынтымақтастықты дамыту.

Алыстағы Қатармен қатынасқа қарқын беру маңызды. Кеңейтілген құрамдағы келіссөзде тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту жайын сөз етті. Келесі жылы Қазақстан мен Қатар арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл. Мерейлі белеске екі ел де зор жетістікпен жетіп отыр.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Осы мерзім ішінде біз тығыз мемлекетаралық ынтымақтастық орнаттық. Сындарлы саяси диалог құрдық. Осының бәрі дәстүрлі достық пен берік әріптестікке негізделген. Астанадағы «Әл-Фараби» мешіті мен шейх Тәмим атындағы білім ордасы – осының айқын көрінісі. Сондай-ақ жуырда Алматы облысының Өтеген батыр кентінде перинаталды аурухананың құрылысы басталды. Біз Қатар Мемлекетінің елімізді көркейтуге қосқан үлесі мен жан-жақты қолдауын ешқашан ұмытпаймыз.

30 жылдағы байланыс мығым. Бірақ дәл қазіргі кезде қазақ пен қатар арасындағы тауар айналымы бас бармақпен бағалайтындай емес. Сауда-саттық көлемі аз. Енді осыны 250 млн долларға дейін жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін барлық мүмкіндік бар.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі:

– Парсы аймағында орналасқан Қатар күрделі мемлекет. Себебі бір терезе сияқты өте бай мемлекет. Қарым-қатынасымыз бұрыннан жақсы. Бүгін екі шартқа қол қоямыз. Біріншісі метрология мен сертификация жөнінде. Ол ертең біздің тауарларға жол ашады. Екіншісі сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы. Ол да алдағы уақытта сауда-экономикалық қарым-қатынасымызға құқықтық база қалыптастыратын келісімшарт болады.

Жалпы Қатар – адамға шаққандағы кіріс бойынша жаһандағы ең бай мемлекеттің бірі. Мұнай мен газ Қатарды бай елдердің қатарына қосты. Бұл ел табиғи қазба қоры бойынша әлемде үшінші және газ, мұнай өнімдерінің экспорты бойынша 6-орында. Қара алтын өндірудің арқасында ел тыңайтқыштар мен болат, цемент өндірісін дамыта алды. Алайда мал шаруашылығы мен бау-бақша ісі аса мәз емес. Міне, дәл осы тұрғыда Қатарға Қазақстан көмектесе алады.

Ербол Қарашөкеев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

– Парсы елдерінде мүмкіншіліктерді қарастырып жатырмыз.

Сол мүмкіндіктерді атап айтсақ, қатарлықтар Қостанай мен Алматы облыстарында сүт фермасын, Жамбыл өңірінде құс фабрикасын салады. Кәсіпорында жылына 70 мың тонна құс еті өндіріледі. Қатарлықтардың қызығушылығы зор. Ал бүгін тараптар геологиялық барлау, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистика, қаржы және банк секторын дамытуға уағдаласты. Бірқатар құжатқа қол қойылды. Мемлекет басшысы «Бұл келісімдер қазақ-қатар қатынасына тың серпін береді» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстан мен Қатар екіжақты қарым-қатынастағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа баса назар аударады. Алайда коронавирус індеті және геосаяси ахуал әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермеді. Сол себепті соңғы жылдары сауда-саттығымыз бәсеңдеп кетті. Ендігі мақсатымыз – елдеріміз арасындағы тауар айналымын жандандыру. Бұған қолайлы жағдай жасалды.

 «Қолайлы жағдай жасалады» деді де қазақ басшысы қатарлықтарды елге инвестиция құюға шақырды. Сосын мәртебелі мейманды «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Бұл екі ел арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосқан тұлғаларға берілетін ең жоғары мемлекеттік награда. Өз кезегінде Тәмим бен Хамад Әл Тәни қазақ әріптесін Қатарға шақырды.

Шейх Тәмим Бен Хамад Әл Тәни, Қатар Әмірі

Алдымыздағы айдың соңында Қатарда футболдан әлем чемпионаты басталады. Осы ретте Қазақстанның футбол жанкүйерлерін әлемдік доданы тамашалауға шақырамын. Сондай-ақ бүгін мен Президент мырзаға да футболдан әлем чемпионатын көруге шақыруымды жеткіздім. Сол уақытта Қазақстанда Президент сайлауы өтетінін білемін. Дегенмен, сізді осы чемпионатқа келеді деп үміттенемін.

«Қатар – біз үшін Таяу Шығыстағы өте маңызды серіктес». Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде осылай деп Қатарды жақын тартты. Ал шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниді «қымбатты досым» деп атады. Мұндай ыстық ықылас екі елдің ынтымақтастығын арттырары сөзсіз. Ынтымақ болған жерде өзара әріптестік те, ырыс та мол болады.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ербол Дайыров, Азамат Саметов