loader


АӨСШК VI саммитіне 11 елдің президенті қатысады

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің саммитіне мемлекет басшыларының ұшақтары Астананың әуежайына қонып жатыр. Кешеден бері елімізге мемлекеттік сапармен бірақатар елдің көшбасшылары келді, деп хабарлайды «Хабар 24»

Қазақстанға мемлекеттік сапармен алғаш болып Қатар Әмірі келді. Мәртебелі мейманды Мемлекет басшысы ыстық ілтіипатпен қарсы алды. Құрмет қарауылы сап түзеп, екі елдің әнұраны шырқалды.

Бұдан кейін қазақ көшбасшысы мен Қатар әмірі шағын құрамда кездесті. Әмірдің елге келгендегі мақсаты – екі елдің сауда байланысына серпін беру. Кездесу барысында қос елдің басшысы 12 құжатқа қол қойып, білім және ғылым,  сауда-саттық, туризмді дамыту бағытында тығыз жұмыс істеуге уағдаласты. 

12 қазанда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мемлекеттік сапармен біздің елге келді. Ол Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті мен ТМД елдері басшыларының кеңесіне қатысады. Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдің басшысын елорда әуежайынан күтіп алды.

Президенттер екі ел арасындағы сауда-экономикалық мәдени-гуманитарлық саланы дамыту жайын талқылады. Қазақстан мен Түркияның Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің IV отырысын өткізді. Негізгі бес сала бойынша әріптестікті дамыту бойынша құжаттарға қол қойылды. 

Әуежайға Ильхам Әлиевтің де ұшағы қонды. Әзербайжан президенті ірі халықаралық іс-шараларға қатысу үшін келген. Қонақты Премьер-министр Әлихан Смайылов қарсы алды. Сонымен қатар Астанаға Қытай Халық Республикасы төрағасының орынбасары Ван Цишань келді. Сондай-ақ Үкімет басшысы Беларусь президенті Александр Лукашенко, Өзбекстан көшбасшысы Шавкат Мирзиеев, Қырғыз елінің президенті Садыр Жапаров ты да сән-салтанатымен қарсы алды. Бүгінгі шараның маңыздылығы өте жоғары. Бұл кеңеске 27 ел мүше. Яғни Азия құрлығының 90%  қамтитын үлкен алаң. Саммит барысында бірқатар шешім қабылданады деп жоспарланып отыр. Халықаралық деңгейдегі шара Азия континентіндегі елдердің басын қосып, өзара ынтымақтастықты нығайта отырып, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы

Сондай-ақ...