АӨСШК VI саммиті: мемлекет басшылары нақты жоспарларды алға тартты

Әлемнің тыныштығы бұзылып, бірлік пен береке тая бастаған қазіргі уақытта өзара мәміленің маңызы зор. Бүгін Астанада өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары саммитінде бас қосқан мемлекет басшылары бірден нақты жоспарларды алға тартты, деп хабарлайды «Хабар 24»

Экономика, транзит, қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау сынды маңызды мәселелердің шешімін де ұсынды. 

Бір кездері ХХІ ғасыр «Азия ғасыры» болады деп болжанған. Осы болжам бүгінде шындыққа айналды. Әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21-і Азияда орналасқан. Азияның жаһандағы рөлі күшейгенде өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің салмағы ауырлай түсті. Қатары толығып келеді. Кеңеске мүше болып Кувейт қосылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Кеңеске 1999 жылы 15 мемлекет мүше болса, қазір олардың саны 28-ге жетті. Бұл шын мәнінде форумның Азия елдері және жалпы әлем қауымдастығы алдындағы беделі арта түскенін көрсетеді. Біз Кувейттің Кеңеске мүше болып, қатарымызға қосылғанына өте қуаныштымыз.

Кеңес құрамы Кувейтпен шектелген жоқ. Түрікменстан бақылаушы ел мәртебесін алды. Қатары толыққан кеңестің енді өз қоры да болады.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Бүгін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің қоры құрылады. Оның мақсаты – кеңестің жобаларын іріктеуге және оларды жүзеге асыруға ерікті түрде қаражат жинаудың арнайы тетіктерін қалыптастыру. Сондай-ақ бақылаушылар мен серіктестердің саны артып келеді. Түрікменстан АӨСШК-ке бақылаушы ел ретінде қосылды. Еуразиялық экономикалық одақпен және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығымен ынтымақтастық орнату туралы шешім қабылданды.

Қаржы механизмін құруды Иран Президенті де ұсынды. Ибрахим Раиси: «Өңірлік валютаны қолданайық», – деді. Ал саммитке бейнеүндеу жолдаған БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш елдер арасындағы сенімге селкеу түскен айтты. Сосын шиеленістерді шешуде иық тіресе жұмыс істеу қажет екенін атап өтті. «Азияны гүлдендіру керек», – деді.

Антониу Гуттериш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Бейбіт және гүлденген Азия бәрімізге пайдалы. Мен серіктестігімізге, ортақ мақсаттарымызға, тұрақты дамуды ілгерілетуге, адам құқықтарын, бейбітшілік пен тұрақтылықты өркендетуге, көпжақты ынтымақтастықты нығайту бойынша жұмыстарға ризамын. Заманымыздың сынақтарын бірге еңсеріп, Азия мен әлемнің жарқын болашағын қамтамасыз етейік.

Қазір әлем құбылып тұр. Бір-бірімен қырғиқабақ болған елдер көбейді. Мұның жақсылыққа апармасы анық. Әсіресе экономика шатқаяқтап барады. Транзит қиындау түсті. Саммитте қазақ басшысы: «Тасымал ісінде жаңа шаралар қабылдау керек», – деді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Жаһандық логистикалық тізбектердің үзілуі тиімді көлік-транзит дәліздерін қалыптастыруға жаңа көзқараспен қарауды талап етеді. Коммуникация мен жүктерді жеткізудің әртараптандырылған бағыттарын пысықтау арқылы көлік-транзит әлеуетін жүзеге асыруға мән беру маңызды.

Логистиканы Путин де айтты. Саммит барысында Ресей Президенті: «Қолдан жасалған кедергілерді толық жойып, тауарларды жеткізу тізбегін қайта қалпына келтіру керек», – деді. Сосын Ауғанстан мәселесіне тоқталды. Ауғанстанның барлық шоттарын бұғаттан босатып, оларға келтірілген залал үшін өтемақы төлеуге шақырды. Кейін әлемдік қаржы жүйесін қайта қарастыру керек екенін атап өтті. Путиннің айтуынша, есеп айырысуда Ұлттық валютаны неғұрлым тиімді пайдалану қажет.

Владимир Путин, Ресей Федерацияның президенті:

- Азиядағы көптеген серіктестеріміз сияқты ондаған жылдар бойы капитал мен технологияның барлық ағындарын қамтыған, өзін-өзі «алтын миллиард» деп жариялап, біреудің есебінен өмір сүруге мүмкіндік беретін әлемдік қаржы жүйесінің жұмыс принциптерін қайта қарауды бастау қажет деп санаймыз. Алғашқы қадам ретінде біз өзара есеп айырысуда ұлттық валюталардың неғұрлым белсенді қолданылуын көреміз. Мұндай шаралар біздің мемлекеттеріміздің қаржылық егемендігін нығайтуға ықпал етері сөзсіз.

Ал Садыр Жапаров бұл жолы өңірлік қауіпсіздікке басымдық бере сөйледі. Ол енді түсінікті. Тәжік пен қырғыз шекарасында қазір ахуал мәз емес. Одан бөлек, терроризмнен де қауіп бар. Сондықтан қырғыз басшысы: «Лаңкестікке қарсы біріге жұмыс істейік», – деді.

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының президенті:

- Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының лаңкестікке қарсы жаһандық стратегиясын жүзеге асыру бойынша Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің іс-қимыл жоспарын іске асыруда белсенді жұмыс істеуге дайынбыз. Еліміз терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөнінде кешенді жұмысты жалғастыруда. Қырғызстанда лаңкестердің қозғалысын халықаралық бақылау үшін жолаушыларды алдын ала ақпараттандыру және жолаушыларды тіркеу деректері жүйесі енгізілді.

Ал Ереван мен Баку бейбіт келісімге келуі мүмкін. Саммитте Әзербайжан Президенті екінші тарапқа осындай ұсыныс білдіргенін атап өтті. Ол өз сөзінде Әзербайжан мен Армения арасындағы кикілжіңнің салдарын тізіп берді. Ал халықаралық сарапшылар мұның бәрін қалпына келтіру үшін 30 жыл уақыт пен 25 млрд доллар қажет дейді. Десе де, қазір Әзербайжанда оккупациядан босаған аумақтарда құрылыс жүріп жатыр. Тіпті мемлекет көліктік инфрақұрылым құру бойынша жобаларды қарқынды жүзеге асыруға кіріскен. Осылайша, Әзербайжан маңызды логистикалық орталыққа айналуды көздеп отыр.

Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының президенті:

- Биылғы жылдың 9 айында Әзербайжан аумағы арқылы транзит көлемі 65% өсті. Біз шығыс-батыс, солтүстік-оңтүстік бағытындағы көліктік дәлізді құруға әрекет етеміз.

Самитте көп қозғалған тақырыптың және бірі – жаһандағы азық түлік қауіпсіздігі. Бұл орайда қазақ басшысы Қазақстанның өзге мемлекеттерді азық-түлік және тыңайтқыштармен қамтамасыз ете алатынын айтты. Сосын осы бағыттағы жұмысты жетілдіру керек деді. Себебі Азия әлемдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің үштен бірін өндіргенімен, бұл саладағы олқылықтардан әлі де толық арыла қойған жоқ.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы