Қазақстанның өзге елдермен түсініспеушілігі жоқ – Сарапшы

Қазіргі геосаяси жағдайда біздің ел барлық халықаралық серіктестермен өзара ықпалдастығын жаңартып, одан әрі күшейтуі керек.

Экспорт пен импорт жолдары өтетін мемлекеттермен арақатынасты дамыту маңызды. Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы осылай деді. Айдар Құрмашевтің айтуынша, елде ауқымды халықаралық шаралардың өтуі әлемде болып жатқан мәселелерге бірлесе жауап іздеуге мүмкіндік береді. 

Айдар Құрмашев, ҚСЗИ халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы:

- Көптеген мемлекеттің басшылары келіп отыр. Және де осыған байланысты халықаралық қауымдастықтың Қазақстанға деген үлкен құрметін атап өтуге болады. Қазақстанның басқа елдермен қайшылықтары да, түсініспеушіліктері де жоқ екенін айтып өткен жөн. Біз әрқашан кез келген мәселені сындарлы шешудің жолын таба аламыз. Қарама-қайшылықтары бар мемлекеттер де Қазақстанға келіп, өздерінің ойларымен бөлісіп, болашақ бағдарларын айтып отырғанын көріп отырмыз.