Қ.Тоқаев: Алматының инфрақұрылымын жаңарту керек

Алматының экономикасын одан әрі әртараптандырып, инфрақұрылымын жаңарту керек. Президент қала әкіміне осындай тапсырма берді.

Игорь Роговтан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ерболат Досаевты қабылдады. Мемлекет басшысына шаһардың тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысы баяндалды. Өңдеу өнеркәсібі, өсімнің негізгі драйверіне айналған. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 22% артты.

Алматы жеке инвестиция көлемі жөнінен өңірлер арасында көш бастап тұр. Қаланың іскерлік белсенділігі қалпына келді. Шағын және орта бизнес нысандарының саны 37,2% артқан. Кездесуде әкім Президентке қаланың 2040 жылға дейінгі жаңа бас жоспарын әзірлеу туралы да есеп берді.