Әлихан Смайылов Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды

Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министр инвесторлармен және туристік сала өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлихан Смайыловқа өңірдегі жаңа инвестициялық жобалар таныстырылды. Кездесуде инвестициялық жобалармен жұмыс істеу барысында туындаған бірқатар мәселелер көтерілді. Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға оларды мұқият қарап, заңнама шеңберінде көмек көрсетуді тапсырды. Биыл облысты дамытуға республикалық бюджетте 367 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бюджетті нақтылау кезінде тағы 100 млрд теңге бөлінді.

«Бұл қаражат инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге және өңірдің агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған. Жыл соңына дейін аз уақыт қалды, сондықтан жоспарланған нәтижелерге қол жеткізу үшін бюджет қаражатын мақсатты және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету қажет», – деді Әлихан Смайылов. Премьер-министрге аймақтағы туризм саласының даму қарқыны баяндалып, «Қасқасу» туристік-кешенінің жобасы таныстырылды, онда күніне 4 мыңға жуық адам демалатын болады. Үкімет басшысы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығын абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты.