Қ. Тоқаев: Мемлекетке қайтарылған жер шаруаларға беріледі

Жетісу ауылдарындағы жұрт газбен қамтылады, деп хабарлайды «Хабар 24»

Апатты жағдайдағы көпірлер мен тозығы жеткен құбырлар жөнделеді. Қант өндірісі ұлғаяды.

Президент аймаққа жұмыс сапары кезінде осындай тапсырмалар берді. Тағы бір жаңалық – Талдықорғандағы Журналистер үйіне қазақтың ардақты азаматы Бейсен Құранбектің есімі беріледі.

Жетісу жұртының 10% ғана газбен қамтылған. Көгілдір отын облыс орталығында бар. Бірақ ауылдарда жоқ. Енді үш жылда бірқатар елді мекен газға қосылуға тиіс. Президент тапсырмасы осы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 2025 жылға қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласының маңына дейін барлық елді мекенді газбен толық қамтамасыз етуді тапсырамын. Сонымен қатар «Талдықорған – Үшарал» бағытында газ құбырын тарту керек. Бұл 180 мың адам тұратын Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына газ жеткізуге мүмкіндік береді. Үкіметке осы жобаны қаржыландыруды тапсырамын. Сонымен бірге газ желісіне қосылу құны азаматтар үшін тым қымбатқа түспеуі қажет.

Тұрғындарды сапалы су да толғандырады. Жетісу жұртының 90% сумен қамтамасыз етілген. Алайда құбырлардың дені әбден тозған. Мың екі жүз шақырым құбыр желісі күрделі жөндеуді қажет етеді. Мемлекет басшысы: «Өңірдегі құбыр желілерін кезең-кезеңімен жаңарту – әкімдіктің басты міндетінің бірі», – деді. Сосын апатты жағдайда тұрған 15 көпірді жақын арада жөндеуді тапсырды. Ал «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Үшарал – Достық» тасжолында асфальтты қабатын салу осы жылдың соңына дейін аяқталады. Құзырлы органдар жұмыс барысын қатаң бақылауға алып, жол келесі жылы толық пайдалануға берілуге тиіс. Жетісу –тәттінің аймағы. Елдегі 4 қант зауытының екеуі Жетісуда тұр. Оның біреуі – Ақсу қант зауыты. Бірақ жұмыс істемейді. Кәсіпорынды іске қосуға 2017 жылдан бастап облыстық бюджеттен 12 млрд теңге жұмсалды. Алайда серіктес инвестор тарапынан серпінді жұмыс байқалмайды. Содан да болса керек, биыл жазда қант бірден қымбаттап, қат болды. Проблема шешіледі. Арнайы бағдарлама дайындалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қант саласын дамытудың 2026 кешенді жоспары әзірленді. Оған 500 млрд теңгеге жуық инвестиция салу көзделіп отыр. Алдағы 5 жылда өзіміз өндіретін қанттың үлесі 7%-тен 43% дейін өседі. Жетісу облысында қант қызылшасы егілетін аумақты 2,5 есе ұлғайтып, 15 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Биылғы қант тапшылығы мәселесі өзіміздің шаруаларды қолдау өте маңызды екенін көрсетті. Жәрдем шаралары тек қазақстандық фермерлерді қолдауға арналған.

Тағы бір өзекті мәселе бар. Карантин кезінде Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерінің жұмысы күрт бәсеңдеп қалған. Содан жүк көліктері кептеліп тұрады. Жүргізушілер наразы. Жағдайды реттеу үшін  Президент «Алакөл» және «Нұр жолы» шекара бекеттерінде электронды кезек енгізуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өңірдің және жалпы елдің экономикалық әлеуетін арттыратын тағы бір қадам – Қытай стандарттары бойынша аккредиттелген зертхана құру. Оның жұмысы Қытайға экспортымызды арттырады. Мұндай зертхананы Қорғастан ашу жоспарымызда бар. Бұл жобаны жедел жүзеге асыру үшін Қытай тарапымен диалогты жандандыру қажет.

Жетісу – жер жаннаты. Әсіресе Алакөл мен Балқаштың әлеуеті зор. «Алтынемел», «Жоңғар Алатауы» ұлттық парктері және бар. Бұл екеуі экологиялық туризмді дамыту үшін таптырмайтын жер. Текелідегі әйгілі Шажа және Қора сайларын айтыңыз. Міне, осының бәрі – тұнып тұрған байлық. Енді осының бәрін іске ұқсатып, дұрыс инфрақұрылым жасау жаңадан құрылған облыс әкімдігінің міндеті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жетісудағы ұлттық парктерде құны 3 млрд теңгеден астам инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Оған ірі инвесторлар тартылды. Қорықтарға апаратын жолдар жөнделіп жатыр. Ең бастысы, Лепсі-Балқаш тасжолының құрылысын алдағы екі жылдың ішінде бітіру керек. Мен Үкіметке Балқаш көлінің жағасында инженерлік-инфрақұрылымдық торап салу жұмысын жүзеге асыру жөнінде тапсырма бердім. Сондай-ақ Ақтоғай-Ақши жоғарғы қуатты электр желісін тартуды тапсырдым. Туристік инфрақұрылымды дамытсақ, шағын және орта бизнестің өркендеуіне жол ашылады және инвесторларға тартымды болады. Сондықтан облыс әкімдігіне жол және инженерлік инфрақұрылымға қатысты барлық жобалардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын.

Тек туризм емес, Жетісудың агро саладағы әлеуеті де зор. Табиғаты жайлы, жері құнарлы. Жер де, су да жетеді. Бірақ өзге аймақтарда секілді мұнда да жер тапшы. Мемлекет басшысы: «Мәселені шешеміз», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үкімет биыл 5 млн гектарға жуық бос жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Біз осылай ауылдардың маңындағы жер тапшылығы мәселесін шешеміз. Қайтарылған жер жергілікті шаруаларға әділ бөлініп берілуге тиіс. Бұл әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам болады. Бүгінде Жетісу облысы бойынша 100 мың гектардан астам игерілмей жатқан жер анықталды. Соның жартысы мемлекет меншігіне қайтарылды. Жер – халықтың байлығы. Ол барлық азаматтың игілігіне жарауы керек. Әкімдер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы қажет.

Жетісудан шыққан арда азаматтар аз емес. Арасында Бейсен Құранбектің орны бөлек еді. Жұртпен кездесуде Мемлекет басшысы қазақ сүйген, қазағын сүйген Бейсекеңнің ортамыздан ерте кеткенін айтып күрсінді. «Талдықорғандағы Журналистер үйіне Бейсен Құранбектің есімін берейік», – деді. Бұл жұрттың ұсынысы еді. Руханиятқа қатысты тағы бәр мәселе – мұнда Абайға арналған бірде-бір лайықты ескерткіш жоқ. Бұл ұят нәрсе екенін айтқан Президент: «Олқылықты түзеу керек», – деді.  

Авторы: Қорған Қонысбайұлы