Президент сайлауына кандидаттарды тіркеу аяқталды

Президент сайлауына түсетін кандидаттарды тіркеу аяқталды. Орталық сайлау комиссиясы алты кандидатты ресми түрде бекітті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тізімде Қасым-Жомарт Тоқаев, Мейрам Қажыкен, Қарақат Әбден, Жигули Дайрабаев, оппозиция өкілі Нұрлан Әуесбаев және Салтанат Тұрсынбекова бар. Орталық сайлау комиссиясының жұмыс кестесіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар мен аумақтық сайлау комиссиялары әр кандидатты насихаттайтын баспа материалдарына қажет стенд, билборд секілді орындарды теңдей қып белгілеуі тиіс. Ал сайлауалды үгіт-насихат жұмысы бүгін сағат 18:00-де басталды. Бұл науқан 28 күнге созылады.

Үгіт-насихат негізінен үш тәсіл арқылы жүргізіледі. Кандидат өз бағдарламасын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарата алады. Сондай-ақ кандидаттардың өзі және сенім білдірілген адамдары сайлаушылармен кездеседі. Радио арқылы да үгіт жүргізуге мүмкіндік беріледі.  9 қараша – тыныштық күні. Ал қарашаның жиырмасында Қазақстан халқы өз президентін таңдайды.