Ж.Дайрабаев елордадағы коммуналдық базарда халықпен тілдесті

Президенттікке "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан ұсынылған кандидат және оның партияластары бүгін елордадағы коммуналдық базарлардың біріне барды.

Сауда орындарын аралап, жұртшылықпен әңгімелесті. Сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына да тоқталды. Сатушылар мен тұтынушылар көкейдегі сауалдарын қойып, жауап алды.

Жигули Дайрабаев, президенттікке кандидат:

- Мынадай бір жақсы сөз бар. "Елің бар жерде биіксің, елің жоқ жерде киіксің" дейді. Сондықтан кім болса да атқа мінген азаматтардың бәрі елімен биік. Сондықтан халқымды өте қастерлеймін. Бүгінгі мынау сауда-саттық жасап жатқан және сауда орындарына келген қарапайым адамдармен сұхбаттасып, олардың әл-ауқатын, көңіл-күйін біліп жүрген жағдайым бар.