Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрін қабылдады

Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевті қабылдады.

Президентке саланы дамытудың 9 айдағы негізгі қорытындылары туралы есеп берілді. Министрдің айтуынша, жалпы өнім көлемі 6,8 триллион теңгеге жеткен. 21,8 миллион тонна дәнді және бұршақты дақылдар жиналды. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Сондай-ақ еліміз тұтынуға қажетті ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық негізгі түрі бойынша толық қамтамасыз етілген. Мемлекетке 5 миллион гектардан астам жер мерзімінен бұрын қайтарылды. Бұл жерлер негізінен жайылым тапшылығы мәселелерін шешуге беріледі. Бұдан бөлек Президентке ветеринария жүйесін реформалау үшін қабылданған кешенді шаралар туралы баяндалды. Кездесу соңында Мемлекет басшысы аграрлық секторды цифрландыру және субсидиялау механизмін жетілдіру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларын күшейту жөнінде бірқатар міндет жүктеді.