Ж.Дайрабаев Қызылорда облысына барды

Президенттікке «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан ұсынылған кандидат Жигули Дайрабаев пен оның партияластары Қызылорда облысына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жигули Дайрабаев Қызылорда қаласында күріш өсірушілермен кездесті. Көп суды қажет ететін шаруашылық түрін қуаңшылықтан сақтау шаралары сөз болды. «Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына» барып, ғалымдарымен әңгімелесті.

Анас Баққожаев, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары:

– Күріш суға толмай, мына топырақтың жағдайы болмайды. Сапасы болмайды. Бұл бір мәселе. Екінші мәселе. Арал проблемасы. Қызылорда өңірін экологиялық проблема мазалайды. Халық ол туралы бүгін кездесуде айтты.

Сырдария ауданына да ат басын бұрып, үлгілі ауылдардың бірі – «Нағи Ілиясов» тұрғындарымен кездесті. Бұл ауыл береке-бірлік пен тынымсыз еңбектің арқасында аймақтағы ең көрікті елді мекенге айналған. Жигули Дайрабаев пен оның партияластары жергілікті шаруа қожалықтарының жұмысын көріп, жұртшылықты саяси бірлестіктің сайлауалды үгіт-насихат бағдарламасын таныстырды.