Қырғызстандағы қазақ қауымдастығына 30 жыл

Бішкекте Қазақстан мен Қырғызстан арасында дипломатиялық қатынастар орнауының 30 жылдығына орайластырылған мерекелік шаралар өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – нағыз достықпен қатар, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан байланыстың белгісі дейді,- «Отандастар» қорының өкілдері.  

Ресми дипломатиямен қатар халық арасындағы қарым-қатынастың да маңызы зор. Бішкектегі Алыкул Осмонов атындағы ұлттық кітапханада екі ел арасында достықты нығайтуға үлес қосқан тұлғалар жиналды. Басқосудың құрметті қонағы – Қазақстанның халық жазушысы – Мұхтар Шаханов. Ол Қырғызстанда елші қызметін атқарған. Белгілі жазушының өлеңдері мен кең-байтақ қазақ даласы туралы естеліктері жергілікті халықтың жүрегінен орын алған.

Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар» қорының президенті: 

- Бүгінгі іс-шараның маңызы – ғылыми конференция арқылы қазақ-қырғыз тарихи бауырластығын, оның ішінде, шығармашылық-әдеби, саяси-экономикалық, ғылыми тұрғыдан, сонымен қатар  қазақ пен қырғыздарға ортақ тарихи тұлғаларды атап өту, соны қайтадан жадымызда жаңғырту, еске алу мақсатта өткізіліп отыр.

Биыл Қазақ-Қырғыз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл. Тап сол кезде Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығы да құрылған еді. Жылдан-жылға оның қатары кеңейіп келеді. Сондай-ақ Абай атындағы қырғыз-қазақ орталығы жұмыс істейді.

Абдыганы Эркебаев, Қырғызстан халқы ассамблеясының төрағасы:

- Менің ойымша, осындай ұйымдар диаспораны біріктіріп, өз тарихы мен туған тілін жиірек зерттеу үшін қажет. Осы тұрғыдан қазақстар қауымдастығының маңызы зор және біз үнемі бірлесіп жұмыс істеп жатқанымызға ризамын. 

Салтанатты шара аясында Жамбыл облысы филармониясының қатысумен мерекелік концерт өтеді. Сондай-ақ Қырғызстанның халық жазушысы Шыңғыс Айтматов кесенесіне гүл шоқтары қойылды.

Авторы: Бақыт Чермашев