Жигули Дайрабаев Шығыс Қазақстан облысына барды

Президенттікке «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан ұсынылған кандидат Жигули Дайрабаев Шығыс Қазақстан облысына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өскемен тұрғындарымен кездесіп, қала іргесіндегі шаруа қожалықтарын аралады. Майлы дақылдар өсіретін фермалардың жұмысын көріп, күрмеулі мәселелерімен танысты. Саяси бірлестік өкілдері бұдан кейін сүт және мал шаруашылығы кешеніне ат басын бұрды. Кандидат пен оның партияластары сайлауалды үгіт-насихат бағдарламасын жұртшылық назарына ұсынды.

Анас Баққожаев, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары:

- Қазіргі таңда шаруалардың кейбір жерде пайдаланатын 2-3 алқапты ауыспалы егістің өзі мына жердің сапасын жақсартпайды. Ол жердің сапасын құр сақтап тұр. Мұнда 5-10 алқапты ауыспалы егіс бар. Міне соның арқасында ШҚО-дағы осы шаруашылықтардың жері жылдан жылға сапасы жақсарып жатыр.