Президенттікке кандидаттардың теледебаты өтті

Сайлау алдындағы қызу пікірталас. Кеше «Хабар» арнасының тікелей эфирінде бір жарым сағатқа созылған Қазақстан Президенттігіне кандидаттардың теледебаты өтті,  деп хабарлайды «Хабар 24».

Қызу жарыс-cөз регламентке сәйкес болды. Әр кандидат қойылған сұраққа 2 минутта жауап беруге тырысты.

Теледебатқа кандидаттар мен олардың сенімді өкілдері қатысты. Орталық сайлау комиссиясымен алдын ала келісілген регламентке сәйкес, пікірсайыс 4 раундқа созылды. Қатысушылар әуелі, сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды. Айта кетерлігі, сөз алушылар тәртібі алдын ала жеребе тарту арқылы анықталды.

Мақсат Толықбай, тележүргізуші:

- Теледебаттың тағы бір ерекшелігі, әр кандитаттың сенімді өкілдері осы залда отырып қолдау көрсете алады. Дауыстарында естіп жатқан шығарсыздар!

Пікірсайыс сессиясында кандидаттар  таңдаған 2 оппонентке сауал қойды. Бұл тұста қарсыластар бір-бірін сөзбен әбден түйреді. Мысалы, Мейрам Қажыкен Салтанат Тұрсынбековаға оның бағдарламасы теория не тәжірибеде да жоқ екенін айтып, популизм де көп, - деді. Сөйте тұра, ең төменгі жалақы немесе күнкөріс деңгейін қалай көтеруді жоспарлап отырғанын сұрады. Ал, Салтанат Тұрсынбекова өзінің құқық қорғаушы екенін және оның бағдарламасында барлығы нақты жазылғанын айтып бақты.

Салтанат Тұрсынбекова,  президенттіке кандидат:

- Ең төменгі күнкөріс деңгейіне келетін болсақ, біз бұл мәселені қазір осы жерде шеше алмаймыз. Бұл мәселені еліміздегі жағдаймен ойластыруға болады.  Қазақстандықтың іс жүзінде тұтынушылық себетін алып қарайықшы. Несиесі бар отбасыларды алып қараңыз. Бүгінде экономистер, сіздер сияқты қаржыгерлер бірлесіп, тұтыну себетін қайта қарау қажет сияқты.

Ал, Президенттіке кандидат Нұрлан Әуесбаев, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі Ерлан Қошановтан жұмыссыздық мәселесін қалай шешуді жоспарлап отырғанын сұрады.

Ерлан Қошанов,  Қ. Тоқаевтың сенімді өкілі:

- Осы мәселе біздің үміткеріміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бағдарламасында толық қамтылған. Ең бастысы осы мәселеге басымдық берілген. Басты кезекте 3,3 млн жұмыс орыны осы 7 жылдың ішінде ашылады деген. Бұл үлкен үлкен көрсеткіш.

Ал Жигули Дайрабаев Қарақат Әбден ашқан институтында тек бай-бағландардың балалары тәлім алатынын байқағанын айтты. Бұл сұрақ шамына тиді ме, Қарақат Әбден қарсыласын жілік сындырып, ұпай жинап жүргенін де айтып қалды.

Салтанат Тұрсынбекованың «Сіздің оппозициялық ерекшелігіңіз неде?» деген сұрағына Нұрлан Әуесбаев жауап беруге тырысты.

Нұрлан Әуесбаев, президенттікке кандидат:

- Мен осы соңғы 30 жыл болсын бүкіл менің өмірім отансүйгіштік қасиеттермен негізделген.

Ал «сайлаушылардың сұрақтары» деп аталған үшінші ел тұрғындары кандидаттарға сұрақ қойды. Айта кетерлігі, Телеарна ел азаматтарына 10 қарашаға дейін «КАНДИДАТТАН СҰРА!» деген айдармен кез келген кандидатқа бейне форматта сауал жолдау мүмкіндігін ұсынған болатын. Осы тұста сол сауалдардың біріне тоқталсақ. «Дат» газетінің бас редакторы Ермұрат Бапи,  Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі Ерлан Қошановқа «Сайлау саяси ойын емес пе?» деген салмақты бейнесауал жолдады.

Ерлан Қошанов,  Қ. Тоқаевтың сенімді өкілі:

- Ермұрат мырза билікті сынап жүрген қоғам белсендісі ғой. Сондықтан халықтың ерік жігшеріне қашан мүмкіндік береді деді. Ермұрат мырзаның саяси оқиға кезінде мемлекеттік каналға шығып өзінің өткір сұрағын қоюының өзі бүгінгі күндегі мемлекеттегі ашықтық пен оң өзгерісті көрсетеді.

Мақсат Толықбай, тележүргізуші:

- Бұл теледебат сайлаудың маңызды бөлігі ғой. Бүкіл әлемде бар тәжірибе. Электорат жинау үшін, бағдарламаны түсіндіру үшін. «Хабар» арнасы сіздерге үлкен мүмкіндік, платформа берді деп ойлаймын.

Төртінші раунд «Сайлаушыларға үндеу» деп аталды. Оның барысында теледебатқа қатысушылар сайлаушыларға үндеу жолдады.

Нұрлан Әуесбаев, президенттікке кандидат:

- Біздің ұсыныстарымыз – мемлекеттік ахуалды бақылау, озық елдің тәжірибесін алу.

Естеріңізге сала кетейік, кезектен тыс президент сайлауы алдымыздағы 20 қарашада өтеді.

Айнұр Қуатқызы