«Жаһандық трансформация жағдайындағы Қазақстан» халықаралық сарапшылар кездесуі өтті

Ел азаматтарының 70 пайызы "Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді" деген пікірде.

Әлеуметтік сауалнама қорытындысы осындай.

Бұл туралы жаһандық трансформация кезеңінде Қазақстанның дамуына арналған сарапшылар форумында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин айтты. Жиынға Қытай, Корея, АҚШ, Әзербайжан елдерінің сарапшылары қатыстып, ойларын ортаға салды.

Бүгін Астанада Қазақстанның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесінің ұйымдастыруымен «Жаһандық трансформация жағдайындағы Қазақстан» халықаралық сарапшылардың кездесуі өтті. Кездесуге қатысқан халықаралық сарапшылар Қазақстандағы саяси реформалар барысын жоғары бағалады. Сонымен қатар шетелдік сарапшылар біздің елді демократиялық өзгерістер бойынша өңірлік көшбасшы мемлекет санайды. 

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

- Жаңа бастамалар президент өкілеттігін биліктің басқа институттарына бөліп беруді, сайлау жүйесін жетілдіру мен құқық қорғау институттарын күшейтуді көздейді. Осы реформалар бойынша референдум өтті. Өзгерістерді қазақстандықтардың 77 пайызы қолдады.

Шетелдік сарапшылар Қазақстандағы саяси жаңғыруды жіті бақылап отыр. Олар еліміздегі саяси реформаларды сәтті жүзеге асса, оны өзге мемлекеттерде де қолдануға болады деп есептейді.

Джейкоб Зейн, адъюнкт, Джорджтаун Университетінің профессоры:

- Орталық Азия аумағында президент басты және қалыптастырушы рөл атқарады. Ал Қазақстанда Парламенттің рөлін күшейтуге көңіл бөлініп жатыр. Бұл елдегі демократияландыруға, азаматтық қоғамның күшеюіне оң ықпал етеді. Саяси салада да әртүрлі дауыстардың көбеюіне жол ашады. 

Санчел Ким, Ханкук Университеті, Орталық Азия институтының профессоры:

- Қазақстан халқы өзінің пікірін белсенді білдіруге асық. Мемлекеттік басқаруға араласуға да ынталы. Сайлаудан кейін елде осындай өзгерістер орын аларына сенімдімін. Халықтың мемлекеттік деңгейде белсенді болуы – басқару үрдісі үшін керемет бастама.

Қазір жаңа Қазақстанның іргетасы қаланды. Ал оны жалғастыру үшін халықтың қолдауы қажет. Бұл ретте жұртшылық өзінің көзқарасын алдағы сайлауда анық көрсете алады. Жалпы алғанда, еліміз әлемде болып жатқан оқиғаларға байыпты қарауы керек. Сондықтан халқымыз сын-қатерлерге лайықты жауап беріп, тұрақтылық пен татулықты басты бағыт етіп ұстануы қажет.

Фархад Мамедов, Оңтүстік Кавказды зерттеу орталығының директоры:

- Қазақстан көрші елдермен прагматикалық тең құқылы және өзара тиімді қарым-қатынас орната білді. Бұл дәстүрлі әдістерді әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді. Әлеуметтік сауалнаға қатысқан азаматтардың 70 пайызы осындай пікірде. Бұл президент ұстанған бағыт халықтың қалауына сай екенінің айқын дәлелі.

Наргиз Бекмағанбетова, Талғатбек Әбдіқожаев