Елордада Жұмыс берушілер күні аталып өтті

Орта кәсіптік білім беру бағдарламасы министрлік бекіткен жоспарға емес, нарық сұранысына сай болуы тиіс. Астанадағы политехникалық колледжде жұмыс берушілермен жүздескен Оқу-ағарту министрі осылай деді.

Асхат Аймағамбетов білім ошағында өткен арнайы жиынға қатысып, кәсіптік оқытуды жетілдірудің жолдарын пысықтады. Айта кетерлігі, өндірістік кәсіпорын басшыларымен мұндай кездесу жер-жердегі 700-ден астам колледжде ұйымдастырылды. Аталмыш форматтағы Жұмыс берушілер күні Қазақстанда алғаш рет аталып отыр. Іс-шараға ірі компаниялардың, шағын және орта бизнестің 4 мыңнан астам өкілі шақырылған. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жұмыс берушілермен 600-ден астам меморандум мен 500-ден астам ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі:

 – Біз барлық жұмыс берушілерімізді шақырып, оларға біздің білім беру бағдарламаларымызды, материалдық-техникалық базамызды көрсетіп, бірге істейтін жұмысты қайтадан белгілеп алатын күн. Бірақ әрине, негізінен жұмыс берушілермен жұмыс күнделікті жүру керек. Өйткені күнделікті бұл жұмыс жүрмесе, әрине, оның еш нәтижесі болмайды.