Елдегі алғашқы АЭС жобасы таныстырылды

Алматы облыстық мәслихатының отырысында елдегі алғашқы атом электр станциясының жобасы таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жобаны «Қазақстандық атом электр станциялар» серіктестігі ұсынды. Балқаш көлінің жағасында орналасқан Үлкен ауылы маңына геологиялық, топографиялық, геодезиялық, климаттық әрі экономикалық зерттеу-зерделу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде осы аймақ станция салуға қолайлы деп таңдалған.

Атом электр станциясын салудың алдында ауқымды зерттеу жұмыстары атқарылған. Алдағы он жылда еліміздегі электр қуатына деген сұраныс екі есе артады. «Энергия көздерін тұтыну отыз гВт-қа жетеді», — дейді мамандар. Үлкен ауылы станция салуға барлық жағынан сәйкес келіп тұр. Біріншіден, мұнда Балқаш жылу электр станциясының іске асырылмаған жобасының алаңы бар. Алаң ірі электр нысанын салу үшін қолайлы. Негізгі жабдықтар мен су жинау үшін аяқталмаған іргетас шұңқыры бар, су жүйесі мен электр желісі тартылған. Жобаны таныстырушылар: «Үлкен ауылында қуаты мың және 1400 мВт дейінгі кемінде екі блокты АЭС салу қажет», — дейді.

Асуан Сиябеков,  «Қазақстандық АЭС» ЖШС бас менеджері:

- Ол болашақта 23 ГВт- қа жетуі мүмкін. Сол себепті энергия тапшылығының көп бөлігі осы оңтүстік өңірде болады деп болжануда. Өйткені бұл жақта білесіздер, халық көбеюі бар. Энергия тұтынатын ірі компаниялардың көбеюі бар. Сол себепті осы оңтүстік аймақта орналастыру жоспарланып отыр. Инфрақұрылымдық жағынан да бұл жақта үлкен желілі сымдар да тартылған. Солтүстік пен оңтүстікті байланыстыратын тарап өткендіктен, осы жерде АЭС салу ыңғайлы болып тұр. 

Дегенмен қазіргі уақытта елімізде АЭС салу жобасы Алматы облысынан бөлек, Абай облысындағы Курчатов қаласында да қарастырылып жатыр. Жобаны іске асыру құны бірнеше млрд долларды құрайды. 

Дәулет Жарасбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы:

- Ол бізге кәдімгідей инвестиция. Ол іске қосылғаннан кейін ай сайын төленетін салықтары өте көп. Бізге тұрақты Алматы облысымызға түсетін қаражат бар. Содан кейін республика деңгейіне кететін де салықтары бар.

Мәслихат сессиясында депутаттар жобаның іске асуын қолдады. Шешім тиісті министрлікке жолданады. Жалпы Атом электр станциясы салынатын жерде 440 мВт-тан кем емес өндірістік алаң орналасуы керек. Нысан халқы 300 мыңнан асатын қалалардан 25, ал халық саны 1 млн-нан асатын шаһардан 40 шақырымнан кем болмайтын жерде салынуы керек. Ал Үлкен елді мекені Алматыдан 400 шақырым шалғайда тұр. Реакторларды салуға үміткерлер ретінде әзірге Ресей, Қытай, Франция мен Корея елдерінің алпауыт компаниялары таңдалып отыр. «АЭС-тің техникалық экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Ол келесі жылы қабылданса, жобаны іске асыру мерзімі он жылға жалғасады»,­­ — дейді мамандар.