Баға ырыққа көне ме?

Биыл өңірлерге бөлінген қаражаттың 130 млрд-тан астам теңгесі игерілмей қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет отырысында бюджет қаражатын ұқсатуда осындай шикіліктердің шеті шықты. Оның үстіне инфляция деңгейі артып, соңғы 15 жылда болмаған көрсеткішке жетті. Бұған не әсер етіп отыр? Бөлінген қаражатты игеруге не кедергі? Сарапшылар еліміздің экономикалық жағдайына талдау жасады.

Биыл елде инфляция деңгейі артты. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, мұндай көрсеткіш 2008 жылы тіркелген. Ахуалдың бұлай қалыптасуына азық-түліктің қымбаттауы тікелей ықпал етті. Алдағы бір-екі айда баға тағы өсуі мүмкін.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Қазір Жаңа жыл қарсаңында баға қымбаттауы әбден мүмкін. Бірақ біз негізгі тауарлардың құнын бір деңгейде ұстап тұруға тырысамыз.

Сарапшылар үкімет қанша жерден бағаны ұстап тұруға тырысқанымен, инфляция өз ырқына жықпай қоймайды деп отыр. Өйткені бұл нарық. Биыл ел бюджетінің кірісі 12 трлн 427 млрд-қа жетті. Оның 4 трлн-ны жергілікті бюджеттерге тиесілі. Бұл көрсеткіштер алдын ала жоспарланған табыстан әлдеқайда артық. Алайда өңірлер қолдағы бар ақшаны толық игере алмай отыр. Мұндай жағдай бірқатар министрліктерде де бар.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:

- Игерілмегені – 278 млрд теңге. Ең көп игерілмеу сомасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ішкi iстер, Төтенше жағдайлар және Оқу-ағарту министрліктерінде қалыптасты.

Сарапшылардың айтуынша, бөлінген қаражаттың дер кезінде игерілмеуі мемлекеттік сатып алуға да байланысты. Соңғы 10 айда жүргізілген тексеру кезінде 33 мыңға жуық бұзушылықтар анықталған.

Сапарбай Жобаев, сарапшы:

- Жол жөндеу, су өткізу мәселесіне ақша бөлінеді. Ол ақшаны әкімдер соған түзілген комиссиялары өзінің туғаны документін даярлағанша күтіп тұрады. Басқа біреулер келіп міне құжатым бар, мен істеймін, осы суды жүргізейін десе оларға берілмейді. Комиссияның жұмысына өте үлкен талап қойсақ, бәрібір өзгермейді. Сол комиссия мүшелеріне тәуелсіз журналистер, тәуелсіз мемлекеттік емес ұйымдардың адамдарын қою керек. Сонда олар шешеді. Ал әкімнің бұйрығымен комиссия түзілетін болса бұл ешқашан өзгермейді.

Экономистер бюджет қаражатының игерілмеуіне жоспарлау да тікелей әсер етеді деп отыр. Сауатты болжам жасап, тәуекелділікті зерделейтін білікті маман тапшы. Бұл әсіресе жергілікті жерлерде қатты сезіледі.

Мақсат Халық, экономист-сарапшы:

- Миллиардтаған сомаға шыққаннан кейін демек ол жақта болжамдау жасайтын азаматтардың осы бюджетке арнайы жоспар құратын азаматтардың біліктілігінің төмендігі деп айтуға негіз бар. Сондықтан да алдағы уақытта өте маңызды бюджет қаражатының тиімді игерілуі үшін осы жоспар құру процесінде де көптеген олқылықтар ескерілмей жатады. Бізде мемлекетімізде шынында да Үкіметте деп айтайық бізде риск менеджерлер, тәуекелді басқаратын азаматтардың аздығы байқалады. Тіпті жоқтың қасы деп те ойлаймын.

Үкімет енді бағаның күрт өсуін тежеуге күш салады. Бұл бағытта әкімдіктердің жыл басынан бері қабылдаған шараларының тиімділігі төмен болып тұр. Барлық жобаларды аяқтап, бюджетті тиімді игеруге екі айдан аз уақыт қалды. Көрсеткіш қуалап «Артық қылам деп тыртық қылып» алмаса болғаны.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Жандос Битабаров