Президент А. Байтұрсынұлы ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты

Мемлекет басшысы Алматы қаласына жұмыс сапары барысында ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне барды.

Онда ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық экспонат жинақталған. Президент музейдегі тарихи жәдігерлермен танысып, одан кейін Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты. Іс-шараға ақынның туыстары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қазақтың төл әліпбиін жасаған ұлы ағартушының ел игілігіне қалдырған рухани мұрасы мол екенін айтты. Президент Алаш арысының туған жері Торғай өңірінде дүбірлі той өткенін, ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ ұйымдары аясында алқалы жиындар ұйымдастырылғанын атап өтті. Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығармалар жинағы басып шығарылып, таңдамалы еңбектері 4 тілде  жарық көрді.