Сенатор Ғ. Сарыбаев еліміздің спорт саласындағы жағдайды сынға алды

Спорт федерациялары өз бетінше ашылады және республикалық бірлестіктерден оқшау өмір сүреді. Ал олардың бапкерлері жас балаларды жаттығуға тартып, жеткіншектердің денсаулығына зиян тигізуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев еліміздің спорт саласында қалыптасқан жағдайды сынға алды. Бұл туралы ол еліміздің Премьер-министріне жолдаған депутаттық сауалында жария етті. Сенатор қазіргі уақытта спорттағы балалардың жүктемесіне алаңдаулы. Мұндай жағдай әсіресе жекпе-жек өнерінде кең таралған. Ол: «Жас ұрпақтың денсаулығына теріс әсер етеді», – дейді. Осы орайда депутат жаттықтырушылар мен төрешілерді тіркеп, қызметін лицензиялауды ұсынды. Ал балаларға тәрбие-жаттығу әдістемелерін дайындау керектігін алға тартты.

Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Жаттығушылар балаларды ерте жастан спортқа тарту тенденциясын қалыптастырды. Тіпті қазіргі кезде елімізде белгіленген жас ерекшеліктер мүлдем сақталмай отыр. Жарыстарда кейбір әділетсіз төрешілердің кесірінен кейбір спортшылардың сағы сынып, спортпен қоштасуда. Тағы бір ескеретін жағдай, бұрын балалар мен жасөспірімдердің жылына қанша жарысқа қатысуына болатындығын реттейтін нормалар болған. Қазіргі уақытта біздің елімізде мұндай нормалар қабылданбаған. Осындай жағдайлар федерациялардың өз бетімен ашылып, жұмыс істеп  жатқандығы да әсері.

 

Сондай-ақ...