Қазақстанда интернет-алаяқтық өршіп тұр – Марат Ахметжанов

Жыл басынан бері елімізде 17 мыңнан астам осындай қылмыс жасалған екен. Бұл ақпаратты Солтүстік Қазақстан облысына алғаш рет жұмыс сапарымен барған Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еліміздің бас полицейі мектептердегі қауіпсіздікті тексеріп, халық алдында есеп берді. 

«Қарты бар елдің қазынасы бар» демекші Ішкі істер министрі алдымен Бескөл ауылының ақсақалдарымен кездесті. Қал сұрасты, артынша өтініштерін тыңдады. Олар аталған елді мекен республикалық жолдың бойында орналасқанын айтып, трассадағы бейнекамералардың санын арттыруды сұрады. Себебі тақтайдай тегіс жолмен зулайтын жүргішулер көп.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Қорғау жүйесі бар. Басқа облыстарда оны жақсы қолданып жатыр. Қоғамдық тәртіпті қарап, бақылап өзі жинап отыратын автокөліктер бар. Қазіргі заман талабына сай осындай құралдар керек.

Парасат мектеп-лицейі — өңірде үздік деп танылған білім ұясы. Мұнда оқушылардың қауіпсіздігі басты назарда. 

Солтүстік Қазақстан облысында 465 мектеп бар. Ал олардың тек жартысынан астамында қауіпсіздік жүйесі орнатылған. 

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Президентіміз биылғы жылды Балалар жылы деп атап өтті. Балалардың қауіпсіздігі — ең басты біздің міндетіміз. Сондықтан қолымыздан келген бар жағдайды қолданып жатырмыз. Менің мәліметім бойынша осы Петропавл қаласындағы бүкіл мектептер осы орталыққа шығарылып отыр.

Бүгінде елімізде интернет-алаяқтық өршіді. Халық алдында есеп берген министр абай болу керектігін ескертті. Мәселен, биылдың өзінде 700-ге жуық адам пысықайлардың арбауына түсіп, сан соғып қалған. Астана мен Петропавл қалаларында ұйымдасқан қылмыстық топ құрған күдіктілерде осы өңірдің тұрғындары екендігі белгілі болды. Қазір олар қамауға алынды. Жалпы еліміздің бас полицейі тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, оларды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов